Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  91


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚАЙТҚАН ҚҰСТАР

Қарындасым Жамалдың рухына
Құстар тағы қайтып жатыр тізіліп,
Қапа болдым, қарай алмай қызығып.
Аз болғандай, азалы жел азынап,
Алабұртқан көңіл шіркін бұзылып.
Өмір сыз ғой, көңілсіз ғой күз деген,
Селк етпейді суық қарып мұз денем.
Қиқулаған қаралы көш сияқты, –
Қарағымды таба алмаймын іздеген?
Менің жалғыз аққуым жоқ ішінде,
Жалғыз қалдым жабырқаған пішінде.
Қанатының сусылы бар, өзі жоқ,
Сыбырлайды, сұңқылдайды ол түсімде...
Ай сәулесі, күн нұрынан нәр алған,
Аққуым ед айдын көлде таранған.
Аяр тағдыр аяулымнан айырып,
Қайғы үстіне қайғы келіп жамалған.
Дөңбекшимін түн баласы көз ілмей,
Аппақ ұсым қайда аққудың өзіндей?
Жанға медеу бір балапан ұямда,
Келеді өсіп сол қалқамның көзіндей.
Көгілдірім көрінбейді көлдегі,
Көңіл шіркін сағыныштан шөлдеді.
Көктем сайын күтсем де ол келмеді, –
Неге налып, неге ұмытты ол мені?!
Мерт болды ма енді ұшамын дегенде,
Оралмасын білем оның тегі елге?
Тіршіліктің күйбеңімен күйзеліп,
Сарсаң болған сорлы бар ма менен де?
Жаманаттан жаны азап шекті ме,
Зұлымдыққа қарғыс айтып өтті ме?
Қапа болдым қапияда көз жазып,
Сол аяулым мені тастап кетті де.
 Қыршын жасын қиған жалғыз қарғамның,
Опасызын көрдім мына жалғанның.
Өзегімді өртейді бір өкініш,
Тарқамастай кеудемде ұйып қалған мұң.
Қайтқан құстар... аққуым жоқ ішінде,
Жалғыз тұрмын жабырқаған пішінде.
Қанатының сусылы бар, өзі жоқ, –
Сыбырлайды, сұңқылдайды ол түсімде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу