Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  111


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖАН ЖЫЛУЫ

Ахметжан Сағындықовқа
Өмірге өзіңше ерек салып өрнек,
Сыйлайды ел шипа қолды дәрігер деп;
Абзал жан ақ халатты атанғансың, –
Адамның тәні емес тек, жанын емдеп.
Ақ сүтін ақтағалы мәрт ананың,
Өрледі білім қуып нар талабың.
 Ерінбей ел-жұртыңа еңбек етіп,
Алғысын ағайынның арқаладың.
Әкей де елге елеулі болған адам,
Аруағы оның бекер қолдамаған.
Ұзартып үмітіңді қайран ана, –
Сен – түзде, ол ауылда жол қараған.
Дүние егесі көп бұл бір майдан,
Еңбекқор ердің салтын құрдың қайдан?
Талпынып тұғырыңды алдың биік,
Бата алып текті атамыз – Тұрғынбайдан!
Секілді келген науқас туысың нақ,
Жан нұрын шаштың елге уысыңа ап:
Адамдар шипа тапты ғазиз жанға,
Алдынан сен шыққанда жылыұшырап!
Аз емес бір басыңда абырой, бақ,
Құрметі елдің бұған тәуір айғақ:
Көкшетау бір ұлым деп көтермелеп,
«Ақан» деп ардақтайды ауыл-аймақ!
Атыңды жақын түгіл, жат біледі,
Көңілдің осы шығар нақ бір емі;
Зайдадай зейінді ана зерделеген, –
Шығар бұл үлкендердің ақ тілегі!
Ізгілік дәнін жүрген терең егіп,
Жылдарға жылдам аққан бере ме ерік?
Өзіңдей алдында үлкен тұлға бар деп,
Соңыңнан бір тың буын келеді еріп.
Халқым деп қалыптасқан тұлға сынды,
Мін тауып кеміте алар кім басыңды?
Алпыс жыл ақ сөйлепті асыл жүрек, –
Адамзат жатса аяқтап бір ғасырды.
Алғандай алғырлықты алтын күннен,
Кем түсер салиқалы салтың кімнен?
Олжамен ел ортасын толтыра бер, –
Осынау жарқын күлген қалпыңменен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу