Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  125


Автор: Тортай Сәдуақас

ШАЯХМЕТОВТЫҢ ШАБАДАНЫ

Кір жағып көсемдері Кремльдің,
Тағы да шырқын бұзды бұл өңірдің:
Босады қызметтен Шаяхметов,
Содан көр тұрлаусызын тұл өмірдің.
Жұлқынған Тың көтеру ұраны боп,
Хрущев сол үшін де сынады кеп;
Сталиннің өзі де Жұмекеңді,
Бағалаған Шығыстың қыраны деп!..
Ал келіп есер билік қақпайласын,
Қазыққа жаңа мансап ат байласын!..
Үйінен қуып шықты жандайшаптар,
Жұмекеңді басыңнан бақ тайғасын?!.
Сұңқардың көзін шұқып ұсақ қарға,
Кремль құлдары мәз құс атқанға;
Көп емес оның мүлкі басқалардай,
Сыймайтын составтарға, ұшақтарға!..
Құдайым, сақтай көрші құл санадан,
Қайда әлгі құлдық ұрған мың сан адам?
Босатып шықты ол үйді, әйелімен,
Бар мүлкі қолындағы бір шабадан!..
Санасын биліктің не тұмшалаған,
Асатын адам ба еді ол тым шамадан;
Кітап пен киім-кешек, құжат қана,
Ақша емес, қолындағы бір шабадан?!.
Болса да билік үшін ол айыпты,
Тәртібін партияның солай ұқты;
Басшы еді ол жолға салған тәрбиелеп,
Тәшенов, Оңдасынов, Қонаевты!..
Ел қамын ойлайтын ол ала таңнан,
Білім мен ғылым нұрын тарата алған;
Атасы аға сұлтан Тоқтамыс би,
Адам еді қарадан хан атанған!..
 Айтты жай: «Мансапқорлық қалғымас ол:
Басыма адалдығым болды ма сор;
Атаңа не істесең, қарақтарым,
Айналып келер, - деді, - алдыңа сол!?.»
Елгезек, ешкімге кек сақтамаған,
Ел-жұртын қиын кезде баққан адам;
Тәртіптің адамы еді, сақшы болған,
Біреудің ала жібін аттамаған!
Деп еді жолға түсер халқым дұрыс,
Тап болып тар заманға сарқылды күш;
Салық сап қинамады ол санатына,
Ашкөз боп жинамады ол алтын-күміс!..
Бірі еді көптің күткен ол да айлықты,
Тегінде бар ғой, рухы сондай мықты;
Тонаған елдің мүлкін аз ба бірақ,
Көріне кете ме алып сол байлықты?!.
Кей тұлға оралады халқына кеш,
Сықиған шабаданы алтын емес;
Әділдік, тазалықтың бейнесі боп,
Тұрады алда сол бір жарқын елес!..
Ағайын, болашаққа болсақ алаң,
Адалдық өшпесе екен ол санадан;
Сияқты жыртық тоны Аяз бидің,
Тұрса екен ел есінде сол шабадан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу