Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  98


Автор: Тортай Сәдуақас

НАУРЫЗ НАҚЫШЫ

Бастауындай ырыстың, Күлімдейді күміс күн:
Құтты болсын, әлеумет, Ұлы күні ұлыстың!
Құтты болсын Наурыз, Гүлденеді бауымыз.
Шығатұғын жыл сайын, Биік болсын тауымыз!
Ел ұмытып үрейді, Жер-дүние түлейді.
Бір-біріне адамзат, Ақ тілеуін тілейді.
Төл көбейіп төскейде, Жеткіншектер өспей ме!
Тату-тәтті дүйім ел, – Табысқандай дос бейне!
Дәм ұсынып қонаққа, Ел кенелер мол аққа.
Бақыт боп кел, Наурыз, Жамандықты жолатпа!
 Наурыз тойы басталды, Шақырамыз достарды.
Дастарқанды кең жайып, Даярладық ас дәмді.
Наурызды қарсы алып, Би билейміз, ән салып.
Жаңа күннің келгенін, Барша жұртқа жар салып.
Жеті түрлі тағамнан, Таусылмастай нәр алған,
Жеткен ізгі дәстүр бұл, Жеті жұртқа таралған.
Тойдың дәмін татыңыз, Қызығына батыңыз.
Достығымыз нығайып, Берік болсын сапымыз.
Күн менен түн теңелді, Ел қызыққа кенелді.
Топқа кіріп, достарым, Той тойлайық кел енді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу