Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  279


Автор: Тортай Сәдуақас

АСТАНА АСПАНЫ

Сұм заман сұғын қадап Сарыарқаға,
Сызы оның батқан талай жон-арқама;
Туған ел тәуелсiздiк туын тiгiп,
Астана келдi оралып сол ортаға!
Абылай, Тәуке менен Қасым хан да,
Көш бастап шыққан биiк асуларға;
Қараөткел – Ер таңдауы, ел қолдауы, –
Жол ашты бүгiн де тың ғасырларға!
 Аспаны Астананың арайланған,
Тамылжып таңы болған талайға арман;
Өсiрiп көңiлiңдi аңсап келген,
Қол бұлғап Бәйтерегi қарайды алдан!
Асқақтап Бәйтерегi тұр Астанам,
Алаулап ауласы жоқ гүл ашпаған;
Есiлiм еселенiп, есiле ағып,
Ер халқым өр теңiзге құлаштаған!
Сағым боп Сарыарқаның сардаласы,
Заманда аз ба көрген зар-наласы?
Бөгенбай, Қабанбай мен Қарасайлар, –
Ізі бар Ақмоланың айналасы.
Тарихы талай сырды білдіреді,
Ұл-қызы ұлтын сүйген дүлдүл еді:
Нияз би, Иманжүсіп, Қажымұқан,
Ыбырай, Қоңырқұлжа, Тұрлыбегі!..
Ел десе, ерлік десе алда тұрар,
Рақымжан, Сағадат пен Талғаты бар;
Баяғы сағым құшқан самұрық құс,
Барады елдің даңқын самғатып ал!..
Аспаны Астананың нұрға бөккен,
Орнатып ойда – орман, қырда көктем.
Жалғаған жаңа буын ел дәстүрiн,
Құлтума, Ғазиз, Шолақ жырлап өткен!
Астана – ел бақытын ашқан алаң,
Толысқан топырағын басқан адам;
Сарп етіп ақыл-ойын талай дана,
Қаншама құрыш қолдар тас қалаған!..
Аспаны Астананың ашық қандай,
Бойда – күш, ойда шабыт тасытқандай.
Жас ұрпақ бақыт тауып жарасады,
Табысқан бiр-бiрiмен ғашықтардай!
Болашақ бой көтерген іргеде бұл,
Жарасқан жаңалықпен күнде небір.
 Есіктен есіп жаңа кірген өмір,
Жас ұрпақ, жаныңды сал, үлгере біл!
Астана асқақтаса – өрiсiм кең,
Аялау оны мiндет, борышым мен;
Бағалап мәңгіліктің бір мезетін,
Қосуым керек үлес сол үшін мен!..
«Бәйтерек» – айдарынан жел еседi,
Аспанда ақша бұлтпен теңеседi.
Түлектер сол тұғырдан түлеп ұшқан, –
Халқымның жайнап өскен келешегі!
Асқақтап Бәйтерегi тұр Астанам,
Алаулап ауласы жоқ гүл ашпаған;
Жұлдызы жарқыраған елдігімнің,
Ұл-қызы болашаққа құлаштаған!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу