Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  143


Автор: Тортай Сәдуақас

АСТАНА – АЛАШ АРМАНЫ

Астана қаласының әкімі, халқымыздың рухани
қазынасының жанашыры Иманғали Тасмағамбетовке
Астана – жақсы тiлек, жарқын үмiт,
Шаншылған шаңыраққа алтын уық.
Көшiмен жаңа ғасыр бой түзедi,
Қадiрiн, қасиетiн халқым ұғып.
Келешек кесiп айтар кең өлшемiн,
Астана – кемеңгер ой, кемел шешiм.
Астана Бәйтерегi бой түзеген, –
Биiкке көтередi ел еңсесiн!
Алланың апппақ нұры құйып көктен,
Бәйтерек – Астананы сүйiктi еткен.
Бәйтерек – ырысымдай үйiп-төккен,
Бәйтерек – ел мерейiн биiктеткен!
Қонады Бәйтерекке қыран ғана,
Қызығып қарайды жұрт құмарлана.
Жетiсу, Сыр-Қуаң мен Едiл-Жайық,
Есiлмен тоғысқандай бiр арнаға!
Бәйтерек – айбарым да, айбыным да,
Биiгiм бой ұрғызбас қайғы-мұңға.
Күлiмдеп күн сәулесi күмiс шашқан,
Еркелеп Есiлдiң ен айдынында!
Қас батыр қасыма кеп қасқа маңдай,
Елдiкке, ерлiкке елдi бастағандай.
Тамылжып нұрға тұнса туған өңiр,
Адамда болады арман басқа қандай!
 Ер болса сынады елдiң неге сағы,
Бiткен жоқ елдiк-ездiк егесi әлi;
Бәйтерек түлегi өссiн рух берiп, –
Бөгенбай, Қабанбай мен Кенесары!..
Айналып Бәйтерегiм қара орманға,
Басына бүкiл елдiң бақ орнар ма?
Асқақтап Астананың Бәйтерегi,
Алтын күн шашсын нұрын Ақордамда!
Астана – ел рухына тамаша айғақ:
Елбасы тапқан оны данаша ойлап.
Астасқан алашымның арманы бұл, –
Ақжолдап, Ағатайлап, Қарасайлап!
Өшпейді ерлер елін қылған разы,
Махамбет, Мағжан, Сәкен – жыр маңғазы;
Тербейді елдік рухы Астананы, –
Бас қосқан Біржан, Жамбыл, Құрманғазы!..
Тұлғалар тұғыр болып тұрғанда ізгі,
Маңына мыңды үйіріп, жиған жүзді:
Елімнің жүрегіндей елжіреген, –
Астана «нұр» бейнелі, «иман» жүзді!..
Шын ғажап түлеп елдің ұл-қыздары,
Ел рухын шыңдап, қала тұрғызғаны!
Барады Мәңгілік ел көшін бастап,
Жарқырап Астананың жұлдыздары!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу