Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  118


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚАТАР ҰШЫП КЕЛУШІ ЕДІК ҰЯҒА

Қуатқа
Қанат қақтық бауыр болып қияға,
Қатар ұшып келуші едік ұяға;
Қайттім енді, жоқсың бүгін қасымда,
Жамандыққа жан бауырын қия ма?!
Жүруші едік жұбымыз бұл жазылмай,
Сексен көлдің қанат қаққан қазындай;
Талай арман топшысынан үзіліп,
Қанша сырлар қалды айтылмай, жазылмай?..
 Жолыңды ашып, шықсын деуші ем сені өрге,
Баулып едім өлең менен өнерге;
Сайлап едім сүңгісін деп тереңге,
Тағдыр бірақ айтқаныңа көнер ме?!.
Биік болсын деп тілеуші ем тұғырың,
Шайқалмасын деп тілеуші ем тұнығың;
Ажал неге ерте салды құрығын,
Әттең неге қысқа болды ғұмырың?!.
Неге ұрындың кенеуі жоқ кеселге,
Ердің неге ескен желдей есерге;
Өзегімді өртейді сол өкініш,
Бейнең бірақ жадымыздан өшер ме?
Адастырып кетті алдамшы дүние,
Адасқан соң азаматтың күйі не?
Қапияда айрылып өзіңнен,
Қала бердік күңіреніп, күйіне?
Мына қайғы жеңілдемес жуырда,
Қайрат берсін бізден соңғы буынға;
Жақсы ісіңді солар алға апарып,
Жасай берсін атың, тіккен туың да!..




3 Жанғал – батыр, би болған елағасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу