Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  104


Автор: Тортай Сәдуақас

АБЫЛАЙХАН АУЫЛЫНЫҢ ЖIГIТТЕРI

Абылайхан ауылының жiгiттерi,
Тағдырың талқыға сап iрiктедi:
Мiнi жоқ озып бәйге алғаныңның,
Мiнгенiң Құлагердей күлiк пе едi?!
Ол рас, Абылайдың ақ ордасын,
Ардақтап деген бабаң бақ орнасын;
Ол рас, патшаға ерте бодан болып,
Килiктi тар ноқтаға тағы өр басың!?
Ұрпаққа ақ тiлегiң бағышталып,
Аттандың әр қиянға намыс жанып:
Жеткiзбей Әзiреттiң Көк сарайы,
«Арғынның Ақ сарайы» алыс қалып…
Ағылып алты алаштан алқалы елiң,
Алдынан Абылайдың тарқап едiң;
Уытын өз бойына дарытқан көп,
Елiңнiң терiстiкте қалқаны едiң!
Хан жұртын қасиеттi етiп орын,
Шыңдауға ел бiрлiгiн бекiп едiң;
Ақтабан-Шұбырынды тауқыметiн, –
Көп тартып бес мейрам мен жетi момын!..
Еркiңдi бодандықтың жеп кiсенi,
Тағдырдың тап кеген бұл тепкiсi едi;
Қазаққа келетұғын пәле-жала, –
Алдымен езiп-жаншып өттi сенi.
Жаттадың уставыңды, дұғаң қалып,
Күманданып тастадың құранды алып;
 Сары ит сарып кеттi ғой сағанаңа,
Сағы сынған сабаз аз мұны аңғарып?..
«Уралап» өткен аз ба улап елдi,
Батырақ итжеккенге қуған ердi;
Асың жеп, аяғыңды тепкен де бар, –
Туғанға тура айтуға тура келдi!
Тарланың тамсандырып тамам елдi,
Бәйгеде талай рет дара келдi.
Бекiткен ел iргесiн ерлер қанша, –
Ұлылар ұмытылып қала бердi…
Саралап өткенiңе мән де бермей,
Бiр дертке душар болдың әлденендей;
Құтпаның Құдайбердi, Әйтiмбет би,
Қарасай, Қанай билер қалды еленбей!
Ол рас, тидi талай көпке себiң,
Кеткен жоқ төккен терiң текке сенiң.
Ол рас, өз олжаңды ойламастан,
Қолы боп қожайынның от көседiң!?
Әдiлдiк, ақиқат боп досың баста-ақ,
Ол рас, жүрдiң елдiң көшiн бастап.
Жалбарып жалынбадың, жасқанбадың,
Кермедiң керемет боп төсiңдi асқақ.
Ол рас, мiнездемең «тәртiптi, оңды»,
«Тамырың» тәңiрiңнен артық болды.
Әулетiң әулиесiн жатырқаумен,
Дәулетiң дей алмаймын шалқып-толды.
Ол рас, тұрды арманнан арың биiк,
Көп үшiн құрбан болдың жаның қиып.
Елiм деп емiренген елгезегiм, –
Халқыңа бере бiлдiң барыңды иiп.
Ол рас, жоспарды артық орындадың,
Тең түсiп таразыда сорың, бағың:
Қорықтың көлеңкеңнен атаңды айтса, –
Қор болды-ау аруағым деп қорынбадың?!
 Бұлжытпай орындадың тапсырманы,
Жанымның жете ме айтқан пәк сырлары:
«Алға» деп тарта бермей, аллаңды да айт, –
Алаштың айбын болған жақсы ұлдары!
Абылайхан ауылының жiгiттерi,
Басқаның артық па ақыл, бiлiктерi:
Өрледiң жеке-жеке шың басына,
Бәтiр-ау, басың неге бiрiкпедi?!
Естiлген дүниеге ен дүбiрi,
Елiңе небiр дана бердiң iрi;
Жағаңа жармасқан да жетiп жатыр,
Тартып жүр етегiңнен ендi бiрi.
Ат басын тұрсың неден iркiп бүгiн,
Жанысын намысыңды бұл құтты күн;
Өрiне Оқжетпестiң құлаш ұрып,
Басына шықсаңдаршы Бүркiттiнiң!
Ол рас, арман қудың аңсап қана,
Малға да қызықпадың, мансапқа да!
Тура би, туғаныңды шырамыттың, –
Алдыңа алты айналып барсақ қана!
Ол рас, өрге бастар мәрт талабың,
Ақ жолың жасқа мәлiм, қартқа мәлiм;
Соқпақсыз соңыңа ерген жас талапты, –
Ол рас, бауырыңа тартпағаның!?
Ол рас, сыйлық берiп, пара алмадың,
Қарныңды қампитпадың, қамалмадың;
Ол рас, зейнеткер боп соңыра күн –
Союға соқыр тауық таба алмадың!?
Ол рас, қашағанды құрықтадың,
Қамы деп қара бастың құнықпадың;
Жетiлем, жетемiн деп жетекке ерiп,
Жетедi жетi атаңды ұмытқаның!..
Сағалап жатпасаң да сая ағашты,
Саяқты сұм тағдырың аямас-ты;
 Атаққа малданып сен жүргенiңде, –
Атаңның тамы қалды аяқ асты…
Атадан қалған iзгi ғұрып па едi,
Аруақты қай адамзат ұмытты елi?
Атақ ал, ат бапта, ескер ата салтын, –
Абылайхан ауылының жiгiттерi!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу