Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  158


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖҰЛДЫЗЫҢ БАР ЖАРҚЫРАП ЖАНҒАН КӨКТЕ


«Бурабай» газетiнiң редакторы
Мәули Әлiмовтың рухына
Сырларын ерте ұғынып ұлы өмiрдiң,
Жақсы не, жаман қандай бiле бiлдiң;
Бiр жан жоқ сенi бiлмес, сен бiлмейтiн
Жоқ едi ой-шұқыры бұл өңiрдiң!
Сыйлап ел сенiм артқан, серке деген,
Бұл ғұмыр болды шiркiн келте неден?
Аһ ұрып аңыраумен қала бердi, –
Артыңда бауырларың еркелеген.
Атаның асыл iсiн жалғасам деп,
Жүзіп ең ескегіңді алға сермеп.
Шұбырған iзiң жатыр, iсiң батыл,
Қайтер ек артыңда iзгi қалмаса өрнек?!
Жарқылдап жатыңа да жайып құшақ,
Келiп ед кемелiңе лайықты шақ:
Қапа ғып қапияда кете бардың, –
Толқында аударылған қайық құсап.
Басыңа бiр сын түссе жасып қалмай,
Ертеңге едi жаның ғашық қандай;
Қапыда қайда кеттiң, жан достарың, –
Шәуали, Жағыпарға асыққандай?!
Тiрлiкте жұп жазбаған сол достарың,
Көп едi таныстарың, жолдастарың;
Адамның баласы боп елдi сүйiп,
Атаның ұлы болып жол бастадың!
Жақсының көзi едiң ғой жарқылдаған,
Сабасы сыршыл кеудең сарқылмаған;
Жолыңда бар едi ғой бақ жұлдызы,
Қолыңда бар едi ғой алтын қалам!
Бар едi маңғаздығың, мәрттiгiң де,
Ел шiркiн ендi үмiтiн артты кiмге?
 Артыңда қос шынарың жанға медеу, –
Солардың бағы жансын нақ түбiнде!
Алдымда аға жүрсiн деген едiм,
Жол тартқан мәңгiлiкке кеме ме едiң:
Жарқырап жанған көкте жұлдызың бар, –
Сол жұлдыз сөнбейдi деп сенедi елiң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу