Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  137


Автор: Тортай Сәдуақас

БАҚ ЕККЕН БАҚЫТЫ ҮШІН БАРША ЖАННЫҢ

Бесаспап бағбан Мақсұт Қасымовтың құрметіне
Нәр алып өскен адам ізгі өнерден,
Атанды елағасы жүзге келген!
Тағдыры мәз болмапты жастай көрген,
Тәлімі аз болмапты бізге берген.
Қилы кез, қиындыққа қарамастан,
Тағдырдың тасқынына араласқан.
 Қияға шыққан қайсар қарағайдай,
Талпынған ту биікке бала жастан.
Жетелеп алға дайым шуақты арман,
Сүрінбей өткен талай сынақтардан;
Баладай ақтарылып дос-жаранға,
Данадай дүйім елге сыр ақтарған!
Арқалап нардың жүгін нақ тарланша,
Қолымен аялаған бақтар қанша!
Дамылсыз ертелі-кеш еңбек еткен,
Парызы мен қарызы ақталғанша!
Құшағын жайып салып халыққа әман,
Ол ұстаз үйретуден жалықпаған.
Түлеткен туған жерін кетпен алып,
Тарихын жазған елдің алып қалам.
Тыншытпай кеудесінде тұнып арман,
Таңдары атқан талай күліп алдан.
Бақ егіп бақыты үшін барша жанның,
Атанған адам осы ұлы бағбан!
Жақсыға серік болып ол қашаннан,
Жетектеп талай жасты жолға салған.
Дәл сондай биіктерге жетер ме еді,
Адамда асқақтаған болмаса арман!
Бақытын аялаған қолға қонған,
Болыпты ағайынға ол да қорған:
Тәрбие берген қанша жас ұрпаққа,
Тал еккен талай белге – болған орман!
Елінің ол да зәулім Бәйтерегі,
(Бәйтерегі болмаса ел қайтер еді?!)
Сыйлы боп ғұмыр кешкен сырбаз жанның
Сырларын аңыз қылып айтады елі!
Маңдайға маңғаз ерлер сыйып тұр ма?
Арнайды ел сый-құрметін сүйікті ұлға:
Жасампаз жылдар көші озады алға,
Ұрпақпен бірге жасап биік тұлға!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу