Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  141


Автор: Тортай Сәдуақас

СӘТТАР САЗЫ

Сәттар Сейтқазиннің қазасына
Сәттар сазы – кіл шаттық па, мұңдылау,
Сәттар сазы – самғау, бірде құлдырау;
Сәттар сазы – асау көнбес ноқтаға,
Сұм заман бұл салмас кімге қыл бұрау?!
Сәттар сазы – жетпісте де жетім үн,
Кім есіркеп, сипапты кім кекілін?
Мансап, мадақ көрмесе де, білгенге
Ірі емес пе, бірі емес пе екінің?
Сәттар сазы – Сексен көл мен сел кешу,
Серімен де, селтеңмен де селбесу;
Қысқа күнде қырық сынмен белдесу,
Бетпақ тағдыр бермеген бал, бермесе – у!?
Сәттар сазы – көрген зу мен қуыңды,
Сәттар сазы – тура жүрген туынды;
Сәттар сазы – жатырқамас бауырмал,
Сәттар сазы – білмейді ата, руыңды.
Сәттар сазы – ашылмаған қазына,
Сәттар сазы – ағайынға базына;
Сәттар сазы – ұрпағына аманат,
Сан ғасырлар құлақ түрер сазына.
Сәттар сазы – Ескене би2
, хан Кене,
Сәттар сазы – ортақ барлық пәндеге;
Сәттар сазы – сабақ, салмақ санаға,
Бір-бірінен айрылған сәтте жан, дене.
 Сәттар сазы – жетпісте де желпіну,
Сәттар сазы – сексенде де серпілу;
Сәттар сазы – жию емес дүние боқ, –
Қыранға ұқсап құздан құлап мертігу!




2Сәттар Сейтқазиннің арғы атасы, батыр, би болған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу