Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  141


Автор: Тортай Сәдуақас

СЕРІНІҢ СЕРІГІ ЕДІ...

«Ақан сері» романының авторы Сәкен серіге
Соңында содыр тағдыр соқпағы қап,
Ардагер Ақан сері өтті аңырап:
Тұлпары мерт болса да опқа құлап,
Сері ақын сүрінген жоқ топта бірақ!
Халқының қамын жеген ер қандай-ды,
Кетті ғой не кемеңгер кең маңдайлы.
Бәрінің іздегені ізгі мұрат,
Серінің бәріне ортақ шер мен қайғы!
Сапарға әрі қиын, әрі қашық,
Халқым деп аттанады ол арып-ашып;
Қаны қас жаманатпен, жалғандықпен,
Сұлуға, сұлулыққа жаны ғашық!
Тізгінді беріп неше мықты қолға,
Жортақтан жолда бірақ шықты жорға.
Бәйгені қолдан талай алып кетті, –
Бұл ездік Құлагерді жықты да орға!
Қашан бұл бақталастық құрғыр тынбақ,
Мансапқор бәйге алам деп жүр қыңқылдап;
Шын жүйрік суырылып мәреге озса, –
Балтасы озбырлықтың тұр қылпылдап!
 Толқыны тағдыр өзен асып жардан,
Ел құтын кетті тағы шашып жалған:
Қапа боп қайран сері қала берді,
Қапыда айырылып ғашық жардан?!.
Сұм тағдыр сала берді тұйықтала,
Күйдірді, күңірентті күйік, нала:
Бақиға кете барды қапияда, –
Сүйген жар, сұлу жеңге, сүйікті ана!..
«Тағдыр сол, өткен өксіп не батырың,
Сабыр!»– деп, айтып жатты ел ақылын...
Қан жылап тұрса да іші қайран сері:
«...Қамшының сабы сынды...» деді ақырын!
Ақ туы әділеттің десек те елді,
Бәйгеге қосып жүр кей есектерді:
Серіні тағы да бір сүрінттік деп,
Сыпсыңдап жел антұрған өсек терді...
Шер толғап, шешен перне асқақ үнді,
Қара бұлт қамап алды аспанымды:
Жаси қап табиғат та, жасын ойнап,
Жас жуып тұрды сонда жас қабірді!
Кеткен соң оралмасқа енді анасы,
Бас болған балаларға ер данасы:
Ортада – өр, оңашада ойы – кермек,
Серінің сел болған ол – шер-наласы!?
Дарақтар ұлпа басын иіп күллі,
Шомылтып бейіт жатқан биік қырды;
Ақ жаңбыр ағыл-тегіл, аспан жылап,
Алланың аппақ нұры құйып тұрды!
Тағдырдың тар пішкенде тапқаны қай,
Талмасын Құлагерлер шапқан ұдай:
Алашқа олжа салып оза берсін,
Соларды тіл мен көзден сақта, құдай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу