Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  111


Автор: Тортай Сәдуақас

ТӨБЕ БИДЕЙ ТӨБЕСІНЕ ЕЛ КӨТЕРГЕН

Ардақты елағасы Мақтай Сағдиевке
Төбесіне көтерген ел, халайық,
Төбе бидей тұлғаң бар төрге лайық:
Қадіріңді қаймана қазақ біліп,
Қанатыңды келесің кеңге жайып!
Талант, талап жол ашып білікті ерге,
Шыға білдің шарықтап биіктерге:
Миуасы мол дарақтай, ғазиз басты, –
Ие білдің сүйсініп сүйікті елге!
Желкілдеген көктеммен желек-туың,
Өрге қарай бастайды өр екпінің:
Нар жолында жүк қалмай, намыс жыртып,
Тұрады елге білініп керектігің!
 Елмен бірге биіктеп көп тұғырың,
Қалың жұрттың қамымен өтті күнің:
Жеті атаңнан жалғасып келе жатқан, –
Тұрады елге танылып тектілігің!
Асыл еді, ағатай, затың неткен, –
Аға сұлтан, би-болыс, батыр да өткен:
Елмен бірге есейіп, еңсе тіктеп,
Мерейің де тасып бұл жатыр көппен!
Ұлыларға жақ болдың, асылдарға,
Замандардың пердесі ашылғанда;
Аға болдың, алтыннан жаға болдың,
Ғасырларды табыстап ғасырларға!
Ұлыларға серік боп, салтын көрген,
Сырға тұнып тұрады алтын кеудең:
Жас ұрпақпен бір жасар жайсаң ғұмыр,
Жаңа күнмен жарқылдап жарқын бейнең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу