Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  91


Автор: Тортай Сәдуақас

И. Франконың ізімен

Сәулесін сеуіп нұрлы аспан, Жүруші ек еркін сайрандап;
Екеуміз талай сырласқан, Қаңырап қапты қайран бақ.
Көңілім мұңға көміліп, Сұрапыл дауыл ұрғандай.
Сұлу бақ сұрқай көрініп, Жатырқап бәрі тұрғандай.
Ақ қайың, аппақ ақ қайың, Аруды сендей сүйген ем.
Сырбаздық қайтіп сақтайын, Күйінген енді күйге енем.
 Көктерек, көркем көктерек, Желге ұшқан желек, бөрігің.
Ол кетті маған өкпелеп, Қалдырдым ба екен көңілін?!
Қара ағаш, қоңыр қара ағаш, Бұтағыңды кім отады-ай?
Қыз жаны ол да жалаңаш, – Жарадар ету оп-оңай.
Қарағай, жасыл қарағай, Үркіткен қай сұм құсынды?
Қамығып жаным қарадай, Бүреді қайғы ішімді...
Сәмбітал сұлу, сүйкімді, Сәнің жоқ бүгін сымбатты.
Сұлулар көп қой сиқырлы, Біреуі-ақ бірақ қымбатты!
Алқызыл, раушан, алқызыл, Болсаң да сәнқой, тым асқақ:
Жабырқау жаным жалқы жүр, Сұлудан сүйген кім аспақ?
Мүлгіген бақша, түнгі аспан, Жамырап жұлдыз жанады.
Одан да жарық нұр шашқан, Жарқ еткен сәулем жанары.
Құмартқан есті құлақты, Құмырдың үні-ау жағымды.
Тербелген желек сияқты, Күлкің бар – емдер жанымды.
Сен жоқсың – жер-көк тарылып, Кеткендей бақтың ажары.
Сен жоқсың – жаным жабығып, Тарқаған көңіл базары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу