Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  341


Автор: Тортай Сәдуақас

АНАЛАР. АРУЛАР

Өмір беріп, қатеңдi де кешiрген,
Асыл бейне шықпайтұғын есiңнен:
Ұрпақ үшiн түн ұйқысын төрт бөлiп, –
Кiм бiздердi кiрпiк қақпай өсiрген?!
Бар асылды бiр бойына жинаған,
Iңкәр қылып жүректердi қинаған:
Шаңырақта шаттық нұрын шалқытып, –
Кiм бiздерге махаббатты сыйлаған?!
Iздеп теңеу таба алмассың өзiне,
Мейiрiмнiң нұры толған көзiне:
Ғашық қылып, күйiп-жанып, аңсатып, –
Зар қылған кiм жалғыз ауыз сөзiне?!
Iзгiлiктен бастау алған тiлегi,
Тыныштық деп лүпiлдеген жүрегi:
Тiршiлiктi тербететiн тынымсыз, –
Кiм осынау дүниенiң тiрегi?!
Ол – аналар, өмiрдегi асылың,
Ол – арулар, сүйген жарың, ғашығың;
Ол – апалар, шуақ шашқан төрiңе,
Ол – әжелер, тойға арнаған шашуын!
Ол қыздар ғой – сұлулықтың көрiгi,
Аппақ қардай аңқылдаған көңiлi;
Осы асылдар, осы арулар болса аман, –
Гүл жайнайды адамзаттың өмiрi!
Алыптар да ана арқылы ер жеткен,
Қанат беріп, қия шыңға серметкен;
Қара жер де аналардай киелі,
Тіршіліктің ақ бесігін тербеткен.
 Осы – аналар бақытыңның бастауы,
Осы – арулар арманыңның асқары;
Сол жандардың мейрімінен нәр алып,
Таусылмайды өмірдің жыр-дастаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу