Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  225


Автор: Тортай Сәдуақас

ӨМІР АЙДЫНЫ

Өмiр бұл өр теңіз ғой баршаға әман,
Құйылған толқын – тағдыр әр сағадан,
Тербелеген айдынында қаншама адам:
Топасты тасқа ұрып тар сағадан,
Жасықты жарға соғып паршалаған.
 Шарқ ұрып шығады өжет шаршамаған,
Деп бiлген: «арым үшiн – жан садағам!»
Ұрпақ кеп толқын-толқын толысатын,
Өмiр бұл өр теңіз ғой баршаға әман.
Өзектес өмір-дағы теңізбенен,
Маржан бар, жаным, онда сен іздеген.
Арманның ақ желкенін көтердік біз,
Айдынға құлаш ұрдым өзіңменен.
Ол да өмір, ескекті нық есе білген,
Аңсаған арманың ғой неше күннен;
Атаның ақ батасы жебеп жүрер, –
Мұра боп келе жатқан кешегіден.
Ол да өнер, серiк тауып ере бiлген,
Кемемiз берiк қой деп сенемiн мен.
Жасымай өр толқынға өрлей жүзiп,
Маржанын терейiкшi тереңiнен.
Ғашықтар ақ тiлекпен армандаған,
Қиырға аттанайық жан бармаған.
Қайырлап қалса кемең қапа болма,
Дауылда бiз ғана емес тал қармаған.
Көңiлiм сырға ғашық, жырға ғашық,
Көк айдын көкiрегiн тұрған ашып:
Көп толқын салар бәлкім не қиынға,
Көрейiк адассақ та бiрге адасып.
Төсiнде көк айдынның тiлдесейiк,
Көсiлген көк толқынмен бiрге есейiп.
Толқынның бiреуi – асқақ, бiрi – мөлдiр,
Солардай толқып-шалқып күн кешейiк.
«Жалғыздың жары – құдай» деген едi,
Қамықсам қапияда деме менi.
Жүректiң қалауымен аттанайық,
Жандардың жаны бiрге кемедегi.
Желпiнсiн желкен керген желмен денем,
Төзiм бе көк дауылда тербелмеген!
 Шежiре, ерлiк жырын шерте бергей,
Кезiмде шемен басып, шер меңдеген.
Жүр солай жанарыңнан жалқын атып,
Жырымды ұқ, кiмге керек жалқы бақыт?
Көлдер де көп толғатқан жақұттарын, –
Бағыңды жандырады жарқыратып.
Тұп-тынық толқығанда көзiңде нұр,
Құлпырып бара жатсың өзiң де бұл.
Кеудеңде телегейiң толқын атпай,
Телмiрме тебiренбей теңiзге құр.
Тербелген толқынында қаншама адам,
Өмiр бұл өр теңіз ғой баршаға әман:
Арнадан аса алмайды арыны жоқ,
Арманға жете алмайды аңсамаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу