Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  164


Автор: Тортай Сәдуақас

АТА ЖОЛЫ

Ежелден елi құтты, досы да бай,
Мапыраш жайлауы едi осы маңай:
Бесiгi болған елдiң, беу туған жер,
Жаныма от бересiң, қосып арай!
Ардақты ата мекен, туған ауыл,
Алаңдап жүрем соқса қырда дауыл:
Ұрпаққа мирас еткен бабалардың, –
Достығын, салт-дәстүрiн шыңда, бауыр!
Алдыңда жатыр iзгi жосып iздер,
Аңқылдап ақ пейiлмен досын iздер:
Атанған «Алты ауылнай Әйтiмбет» деп, –
Атақты әулет ек қой осы бiздер!
 Атадан келе жатқан бәрi айқын кеп,
Бақтыбай, Қыдыр, Серкеш, ер Әйтiмбет, –
Төрдегi төрт бабамыз аңыз болған,
Алдынан хан мен қара тарайтын деп!
Айбердi, Рысқұл, Мәшек, Өте - Қайып,
Халықтың құрметiне өте лайық:
Дiңгегi дiл мен тiлдiң ұлы дәстүр, –
Аруақты сыйламауды ел етедi айып.
Атажұрт – Абылай хан ордасы едi,
Ханның да қадыры артық қолдаса елi;
Ер Монтай… Қанай, Сейтен, Жанғал, Бектас, –
Қожағұл, Пiрәлi, Әзбай – жорғасы едi!
Еншi алып Қызылағаш, Ақсораңнан,
Бар едi бақ-дәулетiң басқа қонған;
Өсиет, өнегең де мол едi ғой, –
Бауырмал, бағын елдiң ашқан ордам!
Кең болып, кемелденiп, кеңес берiп,
Жүрмейсiң бiр-бiрiңдi неге ескерiп?
Ортадан ойып тұрып орын алған, –
Ораздың «Бес қасқасы» емес пе едiк?!
Не керек ырың-жырың егеске ерiп,
Айтпай ма жақсылардан ел естелiк?
Жарыған уызынан, жарау мiнiп,
Жарқынның жетi отауы емес пе едiк?!
Ақ жолмен адал болған досқа нағыз,
Ел едiк ерлiк iске қосқан аңыз:
Шығарда жаны бiрге Жылқыайдармыз,
Шығатын шыңға бiрге Досқанамыз!
Бай едi өнегеге өмiр неткен,
Ерлер-ай, ел болудың жолында өткен;
Қанша әулет бауыр басып, өсiп-өндi, –
Ер Жанту, Айтқұл - Атан, Жолымбеттен!
Көш бастап Жанғал батыр, Жұмық бабам,
Көмейi пештерiңнiң құмықпаған;
 Ағынан жарылып бұл дос-жаранға, –
Ағайын ата жолын ұлықтаған!
Топ жарып Тезекбай би, Қосым өткен,
Сыйласқан сыбаға арнап досы көппен.
Ежелгi ел дәстүрiн жалғастырып,
Ертеңге апарайық осы бетпен!
Атаның атағы ұлға айбат берген,
Қадiрiң кем едi қай қайраткерден?
Бiржан сал, Балуан Шолақ бөтен емес, –
Ахмет би, Қуанышбай, Айдапкелден!
Дуына ағайынның кiм қызбаған,
Жақсылар жаманға бас бұрғызбаған:
Қарасаң алдыңда бар қалған үлгi, –
Кентқожа, Шорым, Байжан, Құлмырзадан!
Заманның көрген едiң көп дауылын,
Қарассын қабағыңа тоқ бауырың;
Жарасқан ынтымағы мерейi өсiп, –
Тобыңды толтырып тұр Тоқтауылың!
Мұрасын аталардың жиып-терiп,
Имандай өсиетке ұйып берiк;
Тойларың тойға ұлассын, туған елiм,
«Әлекең сый аяғын» құйып берiп!
Мастанба аз дәулетке бақ қонғаның,
Жасқанба қиындыққа тап болғаның;
Арасын ағайынның ала қылмай, –
Қадiрiн қасиеттi сақта орданың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу