Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  152


Автор: Тортай Сәдуақас

ШОРТАНКӨЛ СЫРЛАРЫ

Шортанкөлдің жағасында біздің ел,
Көлдің сырын жігіт пенен қыз білер:
Бір аруды жолықтырғам сол жерде,
Көңіл шіркін аңсап оны үздігер.
Жақсы көрдім, жақын тартып сол қызды,
Жанарынан жаныма нұр толды ізгі:
Тағдыр деген бұралаңы көп асу,
Әр тарапқа алып кетті жол бізді.
Жоғалттым мен махаббаттың жүзігін,
Тонаттым мен жастық шақтың қызығын:
Аһ ұрады, сапырады арнасын,
Соған куә Шортанкөлім – қызырым!
Ғашық жандар бірін-бірі іздеген,
Кездесуден әсте күдер үзбеген:
Інжуімді іздеген сол таба алмай,
Шортанкөлдің жағасына жүз келем.
Көлім айтты: «Тарқайды ғой тәтті мұң,
Шыда, шыда, шалқып толар шаттығың»;
Баулып маған Шортаным бір бақ құсын, –
Қолыма кеп қонды менің аққуым!..
Сол аққуым маған бақыт сыйлады,
Көгілдірін көл бетіне жинады;
Кеудемдегі жырмен бірге шалқыған,
Шортанкөлдің таусылмайды сырлары.
* * *
Ауылдың жаны – айдын көл, Аспанмен, жермен сырласқан:
Бөлісіп шаттық, қайғыңды ол, – Жатады толқып тынбастан.
 Қамысы үкі тағады, Қаз-үйрек ұшса қалықтап.
Қияға қанат қағады, Қиялың бірге шарықтап.
Желпіген жұпар самалы, – Дертіңе шипа, дәру бар.
Жаныңды баурап алады, Айдын көл, айдай арулар!
Сынға сап жақын сырласын, Сұлулар тұрар, шіркін-ай;
Суға сап күміс сырғасын, Сыр тыңдар көкте сылқым ай.
Базары сынды ауылдың, Жатады дуы тарқамай;
Өтінде жел мен дауылдың, Өксігін басты ол талай.
Бабалар қонған басына, Батырлар атын суарған:
Елінің даңқын асыра, Тұлпар да мініп, ту алған!
Ұрпақтар көші алмасып, Сан өрнек салған жүзіне;
Толқынға толқын жалғасып, Құстары ұшқан тізіле!
Толқын мен толқын жарысып,
Шарқ ұрып айдын тынбайды.
Тағдырлар солай табысып, – Тербейді шаттық, мұң-қайғы.
* * *
Шортанкөл, Шабақкөлмен – егіз айдын,
Қондырған алақанға өзін айдың:
Еркелеп екі көлде өсіп едік, –
Тел емген қос ананы қозыдаймын.
Шортанкөл сан жүрекке шашыпты арай,
Тербелген айдынында ғашықтар-ай;
Маған да махаббаттың періштесі, –
Алдымнан тұрған құшақ ашып талай!
Өрілген бұрымындай бұлты майда,
Қойыны толы еді ғой құлпынайға;
Сығалап сыр тыңдайтын сияқты еді, –
Сырғасын суға малып сылқым ай да!
Гүлдердей күнге ұмтылған жаңа ашылып,
Жас өркен желдей ескен аласұрып;
Демейтін қанатынан Шортан, Шабақ,
Қараөзек, Сулытомар, Қарашілік!
 Сайрайтын бұлбұл құсы қонып талға,
Болмайтын бізге таңсық өрік те алма;
Жиірек барушы едік жидек тере, –
Арал, Жал, Қызыл, Өлең, Бөрікталға!
Құлпырып Төртқарағай, Масақонған,
Құшағын жұпар шашып ашады орман;
Аңсатар алыс кетсең, туған жер-ай, –
Көзіңнен бұлбұл ұшып таса болған?!
Қарасу, Қоңырағаш, Шұбарағаш,
Жайқалған желегі мен гүлі аралас;
Мапыраш, Үшқопа деп ертеде жұрт, –
Мал жапқан маң-маң басып бұған алаш!
Бәйбіше бейіті мен Бестүбегі,
Ұрпаққа аңыз болып естіледі,
Қарағай бауыры мен Қызылағаш, –
Елімнің қоныс қылған естілері.
Жайлаған Майлыбалта, Бағыс елі,
Бал қымыз бабалардың дәрісі еді:
Бас болып ағайынға ел құраған, –
Жанғалдай болған көпке таныс ері!
Сол ерлер пана болып қысылғанда,
Қияға қырандарын ұшырған да;
Арманшыл жаңа толқын, жас ұрпағың, –
Апарар жалғастырып ісіңді алға!
Кеудеме күй қотарған жыршы далам,
Сені ойлап іңкәр көңіл тыншымаған:
Құстарың түлеп ұшып, беу, туған жер,
Жарқырап жарқын бейнең тұрсын әман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу