Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  179


Автор: Тортай Сәдуақас

ОҚЖЕТПЕС КИЕСІ

Мағжан мен Сәкенге
Тауы көп, таланты көп бұл қазақта,
Көнетiн көр кеуде кiм құр мазаққа?
Көтерген ел еңсесiн сол тұлғалар, –
Сұм заман салған кезде түрлi азапқа.
Зор тұғыр қалап мәңгi мұрамызға,
Сұнқарлар болады iңкәр сiрә, құзға.
Киелi қия-шыңым – Оқжетпесiм,
Асқақтап айналдың сен жыр-аңызға!
Мадақтап мақтан еткен дүйiм елiң,
Сыр тұнған сымбатыңа сүйiнемiн!
Қазағым саған қарап бой түзеген, –
Оқжетпес, сен не деген биiк едiң!
Қазақтың көшiн тыңға бастап тұрған,
Көтерген ел мерейiн асқақ тұлғаң!
Талайды ғашық қылып сән-сымбатың, –
Жанарын арулардың жасқап тынған.
Оқжетпес, сұм замандар есіңде ме:
Қор болған ер Абылай, есіл Кене?!.
Самғаған сұңқар жырлар көгіңе өрлеп, –
Өзіңдей тұрған жауға төсін кере!..
Көтерген туу биiкке сүйiктi елiн,
Көсемдер көрге түскен, киіп кебiн...
Сұм заман сұрапыл боп, жасын атқан, –
Қазақтың көре алмаған биiктерiн…
Сол апат тұлпарларды құлатты орға,
Томсарды тотықұстар жылап торда!
Тұлғалар туу биiктен тұғыр таппай, –
Бола алмай болдырды ғой қуатты орда!?
Сұңқарын сұмырайдың сұлатты оғы,
Ел естен шығарған жоқ бiрақта оны.
Тұмшалап тұмандатқан дүлей заман, –
Оқжетпес күндi аңсады шуақ толы!..
 Бүгiн де тау тұлғалар жүр санната,
Маңғаз ұл мастанбайды мұнша баққа.
Кiмнен кiм биiк тұр деп, – сор қайнаған, –
Қазаққа болмас па екен бұл сабақ та?!
Болса да заман қилы, ара шалғай,
Құлагер озады алға қара салмай;
Ертеңге елеңдеген ел жадында, –
Оқжетпес тұрады ылғи аласармай.
Тiлеуiн туған елi көп тiлеген,
Оқжетпес неткен асқақ, текті неден?!.
Қазақтың қайсар рухын кейіптеген,
Көкшенің биігі бұл көк тiреген!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу