Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  318


Автор: Тортай Сәдуақас

АҚ ТIЛЕУ

Дарханға
Өмiрге ұрпақ келдi iңгалаған,
Сүйкiмдi сәби үнiн тыңда, далам:
Көл-көсiр қуанышы ағайынның,
Айналған ат ұстар деп ұл баладан!
Ұзарып өмiрдегi көшi iлгерi,
Қуаныш дос көңiлiн өсiргенi:
Ауылда қадiрмендi қарттар тұрып,
«Ат қой» деп қолқалады досым менi.
 Дәм етiп жатқан соң ел «жырау» деп те,
Айттым мен құтты болсын мынау кепке!
Әйтпесе, ақ ниетке бере салған
Баршылық бала саны бұл әулетте!
Бiр тiлек күтiп жатса қалқам менен,
Ат қоям, үмiтiмдi артам да мен:
Балдырған базынамды қабыл алса, –
Ойыма оралды есiм Дарқан деген!
«Әкеңе жоламасын жаман қылық,
Жарқылдап жүреді ғой анаң күлiп:
Ат жалын тартып мiнiп жүршi сен де,
Халқыңның қамы дәйiм алаң қылып!»
Айналдым, алғыр қыран түле сынды,
Аларсың сонда өмiрден үлесiндi:
Қатерлеп айтып берем қасиетiн,
Құрметтеп құлағыңа iл бұл есiмдi.
Өзгеден озбасаң да, қалқам, дара,
Өзендей толып аққан тарт арнаға.
Өсиет еткен бабаң кеңшiлiктiң, –
Өлшемi болған дәйiм дарқан дала!
Түйiп қой көкейiңе, қалқам, мұны,
Тұғырсыз болсаң мiндет артам ба iрi?
Ұрпақты жебеп келген, бiле бiлсең,
Халқыңның пейiлi мен дарқандығы!
Сапарлап өмiрде сан жолға асықтық,
Жолдассыз жортып өрге зорға шықтық.
Жiгiттiң дарқандығы жетпей қалса,
Шiркiннен шығады екен сол жасықтық?
Адам көп ақ тiлеулi, арай жүздi,
Жақсыға халқым оны балайды iзгi.
Солардың дарқандығын түсiне алмау, –
Тақырға отырғызған талай бiздi.
Ұсындық жомарттықпен төрiмiздi,
Байласа, жоқ байлаған қолымызды.
 Жоғалтып алғанда сол дарқандықты,
Содырлық қайнатты ғой сорымызды!?
Тасытқан мейман үшiн тай қазанын,
Дарқандық жасамаған қай қазағың:
Келгенде елге нәубат, алауыз боп, –
Ездiктiң тарттық қой сан қайғы-азабын?
Дарқандық – ол өмiрге құштарлығың,
Қасиет мұқата алмас дұшпан мұның.
Дарқандық бiткен жерден басталады
Қызғаныш, күндеу менен iштарлығың…
Дарқандық құр желiкке жел берiп пе?
Жақсыны көрiп, жаным, сен де елiкте!
Пасықтар дарқандықтан жұрдай болған, –
Жолдасын сатып барған пенделiкке.
Дүрдараз дарқандықпен болып алған, –
Iштарлық iштен шалар, торып алдан.
Дарқандық шет қалғанда, бұл пенденiң
Не түрлi зұлымдыққа қолы барған.
Өмiрде бұл да сабақ анықталған,
Айтады аңыз етiп халық тарлан:
Дарқандық танытқан ер, талай елдi
Аузынан ажалдың да алып қалған!
Ананың сылап дарқан қолы бiздi,
Жұтамыз ақ төсiнен сол уызды.
Сүйекке сүтпен сіңер мiнез бұл да,
Нұсқайды ол iзгiлiктiң жолын iзгi!
Дарқандық бiр қыры ғой зерделiнiң,
Керек-ақ кесек мiнез ерге бүгiн:
Сен биiк тұрсын деймiн, кейбiреудiң
Көргенде ұсақтығын, пенделiгiн…
Тұрса алдан дарқан мiнез заман күлiп,
Ұрпаққа жуымайды жаман қылық.
Ат жалын тартып мiнiп жүршi сен де, –
Халқыңның қамы дәйiм алаң қылып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу