Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  304


Автор: Тортай Сәдуақас

ӨТЕЛГЕН ПАРЫЗ

Е. Құлымбеттегіне
Ераға, ер көңілді ерен аға,
Өтелген парызың көп ел анаға.
Топ жарған суырылып сәйгүлік ең,
Сұм тағдыр сұқтанып ед неге ғана?
 Көздерін аршығандай жас тұманың,
Ақ сөзің ақиқаттың ашты бағын:
Құлдырап құба белден Құлагердей,
Қасқиып өте шыққан қас пырағым!
Танылып талабыңмен сында қиын,
Болды ғой елдің іші туған үйің:
Билігін Жиреншедей бір-ақ кесіп,
Бұрмаған туғанына тура биім!
Шығандап шыңға өрлесең шындық – пана,
Атыңды дүрілдеткен ту ғып дала.
Бойыңда бар еді ғой көп қасиет,
Ойыңда болмағаны – қулық қана!
Із кесіп, іздемедің мансап, атақ,
Жетіп ең жеңісіңе ар сақтап-ақ:
Ел-жұртын жан-тәнімен құлай сүйген,
Ғұмырың білсек – үлгі, алсақ – сабақ.
Ұрпаққа өнеге боп қалған ісі,
Өзіңсің туған елдің ар-намысы:
Даңқымен мансапқордың мысын басқан,
Дәуірдің дәл өзіңдей бар ма арысы?!
Бағыңды байлап, шындық – шарқ ұрды құс,
Бағаңды береді ғой халқың дұрыс;
Артыңда сүйген халқың, даңқың қалды,
Арқалап кеткен жоқсың алтын-күміс.
Еңбегің елге сіңген санамызда,
Ырыс боп ырғалады даламызда;
Көзіңнің тірісінде көзсіз ердей,
Айналған өміріңнің бәрі аңызға!
Егінің егіп кеткен зердемізде,
Дәулет боп оралады елге күзде:
Сарсыған санамызды серпу үшін, –
Ағатай, соғып тұршы сен де бізге...
Қақ жарған қара қылды ақ алмасым,
Білемін дұшпан да мін таға алмасын;
 Адамды адал сүйген ақ жүректің,
Қадірін ұға білу адамға сын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу