Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  293


Автор: Тортай Сәдуақас

ТАС ТҰҒЫРЛАР ТАҚСЫРЕТІ

Көлбеген көз алдыңда биік тұлға,
Қойылған ескерткіш пе сүйікті ұлға?
Ғұмыры тұрлаулы ма, тұрлаусыз ба, –
Өткеннің өсиетін ұйып тыңда!?.
Жалындап өткен шығар жас ғұмырда,
Жарқырап тұр ғой, міне тас тұғырда:
Жүйрік пе олжа салған ортасына,
Қарбалас өмірдің бұл тасқынында?!
Болып па ед заманында бір керемет,
Маңайын тастапты ғой гүлге бөлеп;
Ол гүлді жалмап кетсе бір кебенек,
Кенеусіз мұндай тірлік кімге керек?!
Жан ба еді жамағаттан жақсы ат алған?
Құлайды онда неге қасқа тарлан?
Орнығып басқа тірлік, басқа талғам,
Өмірге келе ме өзге мақсат, арман?
Биікте қанша күн ол тұрды күліп,
Билікке жүрді ғой ел құлдық ұрып:
Құндылық құдай ұрып бір-ақ күнде,
Дүние әлем-жәлем тұр құбылып!
Дәрменсіз дәуіңді кім дәріптеткен,
Саудырап сары жезі, ит сарып кеткен;
Қыдыңдап құдай болған кеше ғана, –
Ал бүгін абыройсыз ғаріп неткен?
Оранып үлдеге де, бүлдеге де,
Қу құлқын керек осы кімге, неге?
Неліктен тәубесі жоқ ынсапсыздың, –
Түссе де зор талқыға, түрмеге де?!
Ұрпақ бар кешегіні көзі көрген,
Неге олар ібілістің сөзіне ерген?
 Неліктен бір-бірімен аңдысады, –
Сүрінер сәтін күтіп кезі келген?
Кінәсін бір-бірінің етіп айғақ,
Бітіспей жауығады екіұдай бақ:
Ел ішін аздырады ерегеспен, –
Екі жақ екіленіп, «е, құдайлап»!
Орнына келіп оның басқа тұғыр,
(Кімдікі жаманаты, жақсы аты бұл?)
Кейінгі жүреді ылғи бас қатып ұл,
Ойласын ұрпаққа айтар ұлағатты ел, –
Жолы бір, арманы бір, мақсаты бір!
Бұл заман осылайша мың арбасып,
Шындықтың шыңына ел шығар ма асып?
Жеңе алмай бірін-бірі, алма-кезек,
Ізгілік зұлымдықпен тұр алмасып!
Туады оны көріп сұрақ бірге:
Бұл бейне – кімге өнеге, мұрат кімге;
Тұлдыр ой болмайды екен тұрақты ірге, –
Дүние күлталқан боп бір-ақ күнде!
Десек те биік тұғыр, асқақ неткен?
Ізгілік шығар оны жақсы атты еткен;
Тұрлаусыз заманада тұғыр қанша, –
Тарихтың қоқысына тастап кеткен?!
Тұлғалы тұғырсыз да ұлық адам,
Төрде де тұрлаусыздың күні қараң;
Ірге сап талғамымен, танымымен,
Кірпішін қалап жатыр ұлы ғалам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу