Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  271


Автор: Тортай Сәдуақас

ӘЙТІМБЕТ БИ

Жұртына пана болған қиын өрде,
Айтекең – айтқан билік дүйім елге;
Қалың ел қиналғанда, абзал ердің, –
Болғаны қандай жақсы сүйінерге!
Жан екен тәубасынан жаңылмаған,
Тексізге, тентекке де бағынбаған:
Қақ жарған қара қылды би болыпты,
Алдынан хан мен қара арылмаған!
Тілеген береке мен бақ құдайдан,
Ел үшін болған кезде қатты майдан:
Бағыстың жаңа көші басталыпты, –
Әйтімбет, Қыдыр, Серкеш, Бақтыбайдан.
Айтекең елағасы дана туған,
Зұлымдық, жамандыққа ара тұрған:
Халқына қамқор болып жүрген екен,
Хандардың орын алып санатынан.
Халқымен бірге кейіп, бір қуанған,
Жортқанда жол көрсетіп шындық, арман:
Бұрыпты Көкшетауға елдің көшін,
Ел бері ауған кезде Сыр-Қуаңнан!..
Шығармай ел бірлігін үнемі естен,
Арам ас өтпейді екен бұл өңештен.
Айберді, Рысқұл, Мәшек, Өте - Қайып, –
Айтекең перзенттері түлеп өскен!
Батасы қабыл болған бұ-дағы абыз!
Ақ жолын атаның ел қылады аңыз;
Шалқытқан Айтекеңнің шаңырағын, –
Сәбике – болған дейді бір анамыз!..
 Екі ауыз сөзбен шешіп ердің құнын,
Жалпыға жарлық еткен теңдік үнін;
Сол кезде алты ауыл боп қанат жайып,
Ұрпаққа мирас еткен ел бірлігін!
Құт дарып, әулетіне кие қонған,
Мекені жасыл жайлау, иен орман:
Қылшақты, Қызылағаш, Мапырашты, –
Құтты жер ұрпақтары ие болған!
Ұлтына үлгі болған ұлы дарын,
Ұрпағы бірі – ұстаз, бірі – ғалым:
Жас буын сақтап үлкен шаңырақты,
Елдіктің шайқамасын тұнық арын.
Жер азат, ел тәуелсіз болған шақта,
Аздырған ел бірлігін жолдан сақта;
Ақ жолы аталардың алға бастап,
Жас ұрпақ жете берсін зор мақсатқа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу