Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  339


Автор: Тортай Сәдуақас

АБАЙ АМАНАТЫ

Астанада Абай ескерткіші ашылғанда
Дара Абай, дарынды Абай, дарқан Абай,
Қазақтың қасиеті ең қарқарадай.
Топ жарып Толағайдай толыспайды ер, –
Өзіндей елдің жүгін арқаламай.
Қадірлім, қасиеттім, қайран Абай,
Табаны өткен кімнің тайғанамай?
Алысқан мыңмен жалғыз алыбымсың,
Аспанға телміріп құр ай қарамай.
Арманы, ар-намысы сөзіңде елдің,
Арымай алуан ұрпақ көзін көрдің.
Арқаннан босап халқың болғанда азат, –
Аралап алты алашты өзің келдің!
Көк туын көтерді елі көк бөрінің,
Жасқанбай, естіледі өктем үнім;
Аз емес жетістігім, жетпегенін, –
Жасырмай айтып берші көпке бүгін?!.
Сапыршы толғап, данам, ой тереңін,
Сындарда сүрінбеудің айт, ал емін?!
 Ашынып, ашық айтып, ақ сөйлеші, –
Асқақтай түссе екен деп Бәйтерегім!..
Сөзінді ұқпағандар сол баяғы, –
Енжарлық, етекбасты болды аяғы.
Ұлыста ұлық сайрап, ұры жайлап,
Бұрышта қайыршылар қол жаяды.
Жер еді ер жасаған, нар мекендеп,
Зейін жоқ жұртын баққан зарлы екен деп.
Қараймын қайыршыға мен де үмітпен, –
Ішінде Харон Рашит бар ма екен деп!?.
Меңгердік орыс тілін, ол бірақта
Аңсаған жеткізбеді зор мұратқа.
Атомның қоқысы ғып атам жерін, –
Атойлап ақырында қондық атқа!
Өнеге бар еді ғой өткен биден,
Жылқыдағы торы да кеткен күйден.
Шекесінен қарайды шенеунігің,
Шелтірейіп шетінен шекпен киген.
Еңістегі ел жайын білмесе де,
Жемқорлар жетті өзінше күнде есеге.
Есебінен жаңылған есіл бала, –
«Есектің артын жуып» жүр көшеде.
Өнерін, бағын да елдің қоса күндеп,
Қазаққа болып жүр ғой осы-ақ індет:
Иттерін ырылдатып ынсапсыз жүр, –
Жақсыға жаны аяулы қосамын деп.
Байыппен басына өрлер бақ та бір құз...
Жат елге жаппай өріп жатқан ұл-қыз...
Ес кетіп, есе тимей, есек мінген, –
Ақындарды, ұлы Абай, атқа мінгіз!
Ханымыз тағында отыр, халқым аман,
Сабыр бер сақтауға ата салтын әман.
Марапатсыз, мадақсыз ақылың қос,
Маңғаз ерге мандайы жарқыраған!
 Ермек үшін жазбайық біз өлеңді,
Ұрпақ өссін үйреніп жүз өнерді.
Көсем сөзбен көшелі ел көшін баста, –
«Сөз түзелді, ағайын, түзел енді!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу