Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  268


Автор: Тортай Сәдуақас

КӨҢІЛ КӨКЖИЕГІ

Көлдерімді ойлаймын құсы үріккен,
Белдерімді – құлазып түсі кеткен;
Елдерімді ойлаймын бірлігі азып,
Жанды ойлаймын айырылған кісіліктен?
Айдынымды ойлаймын қаңсып қалған,
Айбынымды ойлаймын мансұқтанған;
Аққу қонған айнакөл сарқылғандай,
Құрбақалар шоршиды шалшықтардан.
Орманымды ойлаймын сиреп қалған,
Арманымды ойлаймын күйреп қалған.
Бағалаусыз бұйығып бұлбұл, аққу,
Үймелейді үздігіп үйрек, қарғаң?
Тауларымды ойлаймын аласарған,
Бауларымды – жемісін жаңа салған;
Достарымды ойлаймын бағы тайған,
Жауларымды – жаныма жара салған?!.
Қыздарымды ойлаймын шетелге асқан,
Қарттарымды ойлаймын жөтел қысқан;
Түбімізге сырттағы сырттан емес,
Ілмиген ит іштегі жетер дұшпан.
Құстарымды ойлаймын ұшып кеткен,
Достарымды ойлаймын ішіп кеткен;
Тауып, шіркін, жоғымды берер ме еді,
Періштелер әлдебір түсіп көктен?!.
* * *
Меңіреу қыр, хал нешік? Дала жатыр мелшиіп.
Әрең ілбіп, қар кешіп, Келем өрге мен шығып.
Қатері көп сапарға, Жалғыз шықтым тағы да.
Тағдыр желі қатал ма, Қарсы соқты қағына.
Май бораны бұрқаған, Мамыражай емес күн;
Маңдайымнан сипаған, Маңайымда жоқ ешкім.
 Сақылдайды үскірік, Соғады үдеп ақ боран.
Қарамайды пысқырып, Жатырқағыш жат қоғам.
Қалың жыныс, оған да, Үрей билеп қараймын.
Ұйтқып соққан боранда, Ит-құсы бар маңайдың!?
Қойны-қоншын қар көміп, Тырс етпейді кең дала.
Атқылайды бу болып, Көкірегімде шер-нала?!.
Көк тиын ғып құнымды, Байлаған кім бағымды?
Кімге айтамын мұңымды, Кімге тыңдайды зарымды?
Қонатұғын ол бір бақ, – Бірде ерте, бірде кеш;
Жеткізбейді қол бұлғап, Бір белестен бір белес.
Күн амалы түзелер, Келер заман күйіне.
Абай болсақ біз егер, Азбасын деп дүние.
Тілеулестер ұнатып, Болмады-ау деп қасымда;
Өзімді-өзім жұбатып, Тыям көздің жасын да:
Басылар сұм даурыға, Ашылар күн бұрқаған;
Жақсылықтың аулына, – Жақындаймын бір табан.
Ізгіліктің салтын ап, Көк өспей ме дүркіреп.
Жаз да келер жарқырап, Күн де шығар күркіреп!
* * *
Көңілімде ашылмай жүр бір тұман,
Неге, неге басылмай тұр бұл күмән?
Жетелейді, жеткізбейді бір елес,
Сүрінемін, тұрып қайта ұмтылам.
Тағдыр деген табалауға ол шебер,
Асу-асу алыс шығар жол шегер?
Нем бар менің қия шыңды қиялап,
Қолым жетер бақыт оңай болса егер.
Аяғымның басып әрең ұшынан,
Талай өттім Қособаның тұсынан;
Қауіп-қатер аз болмайды жолыңда,
Жандар барда сырты жылтыр, іші – лаң.
 Серкелерден қайыр болмай сенген ел,
Сырты жылмаң, іші – жылан пенделер, –
Басқаларды шалып түсіп аяқтан,
Пайда тауып, көңілдері желденер.
Тағдыр жолы неге сондай бұралаң,
Бірде тайғақ, бірде соқпақ сынаған;
Тығырықтан шыға алмайтын тырбанып,
Тың жол іздеп тынбайды екен бұл адам.
Бірде күліп, бірде адам ашынар,
Арман қуып, жолға тағы асығар;
Өмірдегі күмән қашан басылар,
Көңілдегі тұман қашан ашылар?..
* * *
Көкжиегі көрінбеген, Шексіз қиыр өмір деген.
Ми ашыған мимырт тірлік, Көп желмейді көңіл дөнен.
Жарау атқа қамшы басып, Жатқан кім бар арсыға асып?
Тіршілікте жүрген жақсы-ау, Жағдай біліп, хал сұрасып.
Жапырылып қоғадай-ақ, Жүрген жоқ па көп алаяқ:
Ар-ұятты таптағанда, Болмайды ғой обал-аят.
Қарау ойды тілесе кім, – Түгендеумен жүр есебін;
Төбеден ол төндіреді, Бір жаласын, бір өсегін.
Тап келсе де қай бұралаң, Қалмасыншы қайғыда адам;
Адаспайды анығы сол, – Ақ жолынан айнымаған.
* * *
Неге маған көзі түспей гөзелдің,
Өңменімнен өтіп кетті көзі елдің.
Есем кетті, естірте алмай өр үнін,
Көкірегімде күркіреген өзеннің.
Пана іздеп ем көк тіреген заңғардан,
Сәуле іздеп ем самаладай шамдардан:
Мен түңілдім қара түнек таңдардан,
Мен түңілдім қара көкірек жандардан.
 Шалқып-толқып жүре алмадым жайланып,
Тарықтым да, қамықтым да қайғы алып;
Туған жерге кіндігімнен байланып,
Осы жерге келем қайта айналып.
Осы жерде бағым кем боп сорымнан,
Осы жерді бабам менің қорыған;
Сол бір қорлық жолымды әлі торыған,
О, сақтай гөр опасыздың оғынан!
Мен досымды қара пұлға сатқам жоқ,
Мен дұшпанды ту сыртынан атқам жоқ;
Аяғаным аяр мінез жандарды, –
Аяғыма түсті талай қақпан боп.
Тасырлардан тауым талай шағылды,
Арсыздарға ақын жүрек нағылды?
Сырбаз өмір сындырмасын сағымды,
Бипаз тағдыр байламасын бағымды.
* * *
Ащы айтсам тағдыр – ашына, қарды,
Ашумен беті ашыла қалды:
Долымен дос боп додаға түсем деп, –
Лақтырды уыстап басыма қарды:
Шаптыққан шайпау шапалақ ұрып,
Шалдығып жүріп, шашым ағарды?!.
Тектінің талай төрін аттадым,
Досқа азық миуа толы бақтарым.
Көрдім мен-дағы өмір аптабын:
Қол ұшын қолдап неге бермедің,
Шаруаға жегер Торы ма аттарың?
Қойдан жуас дейтін...
Көзіңе күйік пе толып аққаным?!
Бабамның тартқан жібін үзбедім,
Тарихтың терең сырын іздедім.
Күнбиді айттым, күніміз дедім, –
Сүйінбай, Мұрат – жырымыз керім.
 Аялап бағың, гүлін үзбедім,
Болмады неге жылы жүздерің?..
* * *
Кеудесі толған ізгі өлең, Бозторғай таңнан шырлайды.
Ақиқат жолын іздеген, Ақынның үні тынбайды.
Шындық деп отқа шарпылып,
Шыр-пырым шыққан мен байғұс:
Кеудемнен мынау шарқ ұрып,
Шырылдап ұшқан қандай құс?!
Шертемін кімге сырымды, Шемен мен шерге толды ішім;
Жеткізер ме елге жырымды, Сорғалап ұшқан сол құсым.
Атаның жолын ырымдап, Әдептен әсте озбаған:
Шындық деп ол да шырылдап, Елім деп бұл да боздаған!
Дауыл мен жауын, боранда, Тап болды сынға не түрлі;
Жаратқан жар боп оған да, Топшысы бекіп жетілді.
Тар жолда талай тарықты, Қинала сермеп құлашты;
Есіркеп құйттай ғаріпті, Есігін оған кім ашты?!
Зәредей рақым көрмеген, Запы боп шеккен захмет;
Далам деп қанат сермеген, – Кім айтты оған рахмет?
Қарсы ұшқан қара дауылға, Тасырлар қанша тас атқан;
Кім оны тартып бауырға, Кім оған жемін асатқан?
Жоқ-жітік көрсе жебеген, Қанатымен жүрді ол су бүркіп;
Өлексе құмар не деген, Талады талай қу бүркіт!
Мейірімге өзі шөлдеген, Қиянат жасап зор, күшті;
Көгіңде бояу көлбеген, Көрдің бе, достым, сол құсты?
Ермеген сейіл, селтеңге, – Сол құсты көрсең қорғай түс;
Еліңнің жырын ертеңге, Апарар жалғап сол байғұс!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу