Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  130


Автор: Тортай Сәдуақас

ДОСТЫҚ ЖЫРЫ

О, достық! Неткен абзал сезім еді,
Рахымы сын сағатта сезіледі.
Шалт басқан шалдуарлау кезімде де,
Түзеткен сол достардың тезі мені.
 Шашылды ол шуақ болып ел көгінде,
Соғыста демеу болды шер көңілге.
Сонау жыл тың көтерген, шапағатын
Сезінген сәбимін мен жөргегімде.
Жасыл бақ жайып өркен жас қайыңнан,
Санама сіңген әдет жастайымнан:
«Азамат, адал бол, – деп, – достығыңа», –
Аталар ақ пейілмен ас қайырған.
Талмай ол тарихтың сан кезеңінде,
Өмірдің ұялаған өзегіне:
Жүріпті ол жаманатпен жағаласып,
Қалқан боп Қалқаның да өзенінде!..
Әр елдің текті ұлындай төрінде өскен,
Бұл достық жаманаттың жолын кескен.
Күлтегін..,
Еділ..,
Сартақ өткен жолмен, –
Күресіп келеді әлі жеңілместен.
Достықтың сырын шерткен тамашалап,
Кеудесін күй сыздатқан дала – шанақ.
Басыма күн туғаңда, алыпты ол
Ажалдың аузынан да арашалап.
Күй болып домбыраның пернесінде,
Сақтаған соның бәрін ел де есінде.
Қалайша дос болғаным, ант берісіп,
Сайрап тұр кәрі тарих зердесіңде.
Бабамның қаны тамған, тері сіңген,
Дайынмын не қиынға сол үшін мен.
Елге аян ақ пейілді достығыммен,
Әрдәйім өрем биік, өрісім кең.
Құйтырқы, адыра қап, өсегі елдің,
Бірлікпен іргем кеңіп өсе бердім.
Осы ғой көгергені көсегемнің,
Ізгінің игілігін неше көрдім!
 Бұл дәстүр қанға сіңіп, салтыма енген,
Достықсыз асар едім қайтіп өрден?!
Қастерлеп сол достықты, ақтық сертін, –
Төлеген, Мәншүк, Нұркен айтып өлген!..
О, қайтіп дәтім барды өлді деуге,
Өлді деуге қалайша сенді кеуде?
Ескерткіш - отпен бірге олар-дағы,
Туы боп жасампаздық желбіреуде!
Тамырын талай сында ол өтті арқалап,
Тарланын таңдайды өзі топтан талғап;
Қанатын кеңге жайып сол достықтың, –
Ғарышқа алып ұшқан Тоқтар, Талғат!
Бұл достық жөнін тауып жүйесімен,
Жебейді қайда жүрсең киесімен.
Жаңылған жандар болса,
достық мәнін
Шығарып алған шығар жиі есінен.
Достығым демеу болып әр асуда,
Тәтті өмір, тату тұрмыс жарасуда.
Бұл достық тәнті болған, дәулет емес, –
Қайғысыз қанып ішкен қара суға!
Сабылып мынау салқар көш, керуенім,
Достықпен тауға шығып, төске өрледім.
Достық бұл махаббат қой, аялауға
Шуағы керек дайым қос кеуденің!
Еліме қанат берді ол самғау үшін,
Бабамның маған міндет жалғау ісін.
Мен-дағы бұл сырымды кейінгіге, –
Жеткенше айтып өтем бар дауысым.
Бабамнан қалған мәңгі мұра сынды,
Қастерлеп өтемін ғой бұл асылды.
Ғасырлар керуенімен озам алға,
Достықпен жазып еркін құлашымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу