Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  123


Автор: Тортай Сәдуақас

СЫР

Достарым, сыр ақтарам біразырақ,
Бұл да асу, заман желі тұр азынап.
Демесең – көкке жетіп, елемесең, –
Қалады көңіл шіркін құлазып-ақ.
Талпынып жол бастағам өрге қарай,
Қою шаң... көрінеді көмбе қалай?
Алам ба бойға шақтап өз бәйгемді,
Ала ма сәлемімді төрдегі Абай?!
Жүйріктің жонда жортқан жолы қалар,
Жорғасын, жортағын жұрт жорып алар:
Осы жол обасы да, оры да бар,
Тұр екен не бұйырып Торыға дәл?!
Торығып қайтем босқа, жоқта бүлік,
Беліме көтере алмас шоқпар іліп;
Той маңын торымайын тоқаш іздеп,
Тоғанақ толтырайын топқа кіріп.
Буын бар бара жатқан базарға енді,
Назыма қаратам ба назарлы елді?
Қазына іздеп талай қазам белді, –
Аз ба екен азап күткен ажалды ерді?!
Ізгіден іздеп көрем сөздің кенін,
Тұрлаулы тұғыр болар өз діңгегім;
Сұғын да сұғанақтың көзге ілмедім,
Сыртымнан езе берсін ез білгенін.
Бар ондай әзәзіл мен «әзілқұмар»,
Қайсысы налып жүрген назымды ұғар?
Серіге, селтеңге де сеніп қалған,
Сол бір салт түбі ақынды жазым қылар.
 Қасиет таптым аға қасына еріп,
Қасымнан үріккен жоқ қашып елік;
Заманым бергенде бұл басыма ерік,
Тасырдың тимесін тек тасы келіп.
Игіге ит қоспадым, шалып аяқ,
Тектіге табақ тарттым танымай-ақ;
Жар кешкен жалаң аяқ жалғыз ба едім,
Жалқыға жанай берем жаным аяп.
Жарасқан жақсының ап әр сабағын,
Жарқылдап шыққан күндей қарсы аламын;
Жараспас шаң қаптым деп шаршағаным,
Жетермін жар болса ием, жанса бағым!
Сенімін сырбаз аға адалша ақтап,
Бойыма биігімді алам шақтап;
Үлкенге ізет қылдым, іздемей сый,
Жерім жоқ жылмаң қаққан жарамсақтап.
Туған ел, құлыныңмын мен де сенің,
Өзің деп тебінгіден тер кешемін;
Біреудің зерге балар теңгесі едім,
Жақсы ғой тиіп жатса елге себім.
Достарым, сынға да алып, сыр бөліскен,
Қиынды, қызықты да бір көріскен;
Қотардым жыр сабасын, жырдың төлі, –
Күйлі боп келе бермес күнде өрістен.
Тауларым көп қой менің әлі шығар,
Биіктен қол бұлғайды кәрі шынар;
Кеудемде Сексен көлден бастау алған,
Сырғыған сырлы өзеннің ағысы бар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу