Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  147


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚЫЛШАҚТЫ – ХАННЫҢ БЕКЕТІ

Елдіктің жолын нұсқаған, Қылшақты – ата мекенім:
Бір кезде бабам қыстаған, – Егіншоқының кең етегін!
Қылшақты шертер қанша кеп, – Құлшынған ұлын таныған:
Қылша да мойным талша деп, Қылышын бабам жаныған!
Басты Ордам, байтақ, бекетім,
Жамантұз, Жаман Қылшақтым:
Көш пенен керуен өтетін, – Ырысым менен ынсаптым!
Бесігім нұрға бөлеген, Бабадан қалған өнегем:
Сөзіңмін жеткен көнеден, Қозыңмын мен де көбеген!
Абылай хан да еңкейіп, Сімірген кәусар суыңды:
Орда боп орнап, көркейіп, Көтердің елдік туымды!
Әйтімбет биден бата алып, Батырлар енген санатқа:
Ордадан жарлық апарып, Таратқан әрбір тарапқа.
Жамырап жасыл желекпен, Абылай үлкен үй еткен:
Тұлпарын жалдап ер өткен, Қамшысын қармап би өткен!
 Кең болған жатқа, досқа да, Ерлерің шертер талай күй:
Өте мен Қайып, Досқана, Рысқұл, Мәшек, Қанай би!..
Ақ толқын жуып нұр жүзін, Сәбике анам су алған:
Өссін деп еркін ұл-қызым, Жағаңда тұрып қуанған.
Жанғалдай батыр бабам да, Жаныған сенде айбалтасын!
Жай тапқан мәңгі жағаңда, – Жаныма қымбат әр тасың!
Би болған бабам – Жәдігер, Бір ұлы оның – Баянбай:
Айтады жыр ғып бәрін ел, Етіпті еңбек аянбай.
Ұрпақты алға бастаған, Арнаңды бойлап жол өткен;
Жасын боп талай жасқаған, Замандар келіп зор, өктем!?
Сүрініп, құлап лайсаңға, Бір батып суға, бір шығып;
Сыйынып сендей жайсаңға, Жылжыды алға тіршілік.
Серік боп Көкше, Ақсораң, Шарқ ұрып Шалқар, Балықты:
Жаратқан болып жақ соған, – Жеткердің қанша халықты!
Сағаңда семіп қалғандай, Тезекбай бидің бұлағы.
Адаспас бірақ армандай, Сөнбепті ұрпақ шырағы!
Куә боп соның бәріне, Тақсірет тартқан Таскөпір;
Жалғайды жолды әлі де, – Өткелден шыққан жас нөпір!
Абылай қонған ақорда, – Алмасты солай көп буын;
Алламыз бұрып тағы оңға, Көтердік елдің көк туын!
Серпіліп сен де аға бер, Арындап арнаң тынбастан:
Сырыңды тыңдап дала, бел, – Толғайық бірге жыр-дастан!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу