Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  112


Автор: Тортай Сәдуақас

СЕН МЕНІ ОЙЛАДЫҢ БА?

Кешігіп келсе жарың, –
Кейіппен кешірімді,
Елеңдеп, қақса біреу
Бейуақта есігіңді;
Сен мені ойладың ба?
Отырып жеті түнде
Тербетіп бесігіңді,
Есіңе ап есімімді?!.
Сен мені ойладың ба,
Шадыман шақтарыңда,
Мұңды ойға батқаныңда,
Гүл солған бақтарыңда;
Адасып жүр ме екен деп
Ақ түтек ақпаныңда,
Жаныңның – жасыл жайлау
Шуағын сақтадың ба?!.
Сен мені ойладың ба,
Найзағай шатырлаған
Шақтарда аспаныңда,
Жай түскен жалғыз терек, –
Жайраса қас қағымда:
Жазым боп жүрер ме деп,
Дұға арнап, бал ашпадың ба?!.
Сен мені ойладың ба,
Сыр сақтап жүрегіңде:
Жапанда жол іздесем
Оң сапар тіледің бе?
Таңым боп арайландың, –
Кеудеме түнедің де:
Аңсатқан сендей жанды
Разымын бұл өмірге!
Ғұмырдың дариясын
Жел кернеп желкеніңді,
 Тереңдеп бойладың ба?
Жүрмісің – қапаланып,
Жүрмісің – той қамында?
Алаулап атқанда таң,
Балбырап батқанда күн,
Сен мені ойладың ба?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу