Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  92


Автор: Тортай Сәдуақас

САМОЛЕТТЕ

Әлдилеп ала жөнелді, Аспанның алып құшағы:
Көңілді іркіп көр енді, – Сені аңсап алып-ұшады.
 Ойымды бірге ұшырдым, Сені іздеп шығып, сүйіктім.
Қадірін жердің түсіндім, Бағасын білдім биіктің.
Самолет жазып құлашын, Аспани бесік тербетіп;
Шарқ ұрған көңіл – лашын, Қияға қиял серметіп...
Қиял ма, қызық түсім бе, – Кештім бір ғажап сезімді:
Ақша бұлттардың ішінде, – Келемін іздеп өзіңді.
Сүйсініп мен де қарадым, Айналам бейне ақша қар:
Арудай сүзген жанарын, Арбайды келіп пәтшағар...
Осы ма заңғар биігің, Айналған басы талайдың?!
Шолмақ боп жердің қиырын, Бұлдырап көзім қараймын.
Жеткізбей жүрген көбіне, Осы ма мансап мекені:
Әлі де төбем көгіңе, – Тұр ма екен жетпей екі елі?!
Тауаны, тауы шағылмай, Жайы жоқ жасып, жасқанар;
Қанат пен құйрық тағынбай, – Шығып жүр қайтіп басқалар?!
Болдым-ау енді мен де әлек, Басымды тігіп қатерге:
Жеті қат көкте нем бар ед, Жете алмай жүріп пәтерге.
Байқоңыр жақтан ғарышқа, Ұшсам деп әлде бел байлап,
Тырысып қайран намысқа, Жүрмін бе осы мен бейбақ.
Жер қайда табан нық тұрған, Бұла күш қайда, бұлқыныс?!
Гүл де жоқ, шөп те шық тұнған:
Айнала жым-жырт, тым-тырыс...
Мен болсам жердің мұңлығы, Япыр-ау, неге қамсызбын:
Нейтрон бомба сұмдығы, – Осы ма әлде арсыздың?!.
Басым бар – емес асқабақ, Болмаймын онда пұшайман:
Жатайын жауды жастап ап, Біткенше демім, күш-айлам!
...Шарлаған біраз көгіңді, Ақсұңқар төмен бет алды,
Алып ұшқан бұл көңілде, Сапырылыспаған не қалды?!
Сабылып келем сан қырдан, Сағынған жанда жоқ тыным.
Шығарсың өзің алдымнан, – Қолыңа ап қырдың шоқ гүлін.
Көкшілі құстай шүйіліп, Қанатым талып жеткенде;
Құшармын сені сүйініп, Қырмызы гүлдей көктемде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу