Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  118


Автор: Тортай Сәдуақас

КӨШЕ СЫПЫРУШЫ ЖЫРЫ

Көшемді көркейтем деп бар сәнімен,
Кетесің сыпырғы алып таң сәріден:
Ұзақ күн шаруа бағып жүресің сол, –
Тамсантқан тәтті арманның аңсарымен.
Шаң-тозаң аққа құмар, жиылады,
Сайдан да, сағадан да құйылады.
Сыпырғың сыр-сыр етіп, сыр берместен, –
Соның бәрін сыпырып-сиырады.
 Шаруа да шаш етектен самсап тұрад,
Шағым да білдірмейсің жар сап бірақ:
Шаң қауып, шала ұйқы боп бала-шаға,
Шам жаға жығыласың шаршап-құлап.
Бақ күткен бағбан болсаң бар ма тыным,
Гүлзарың жұпар шашқан алда, күнім:
Жүресің қылап қолың дамыл алмай,
Асфальтін айнадай қып Алматының.
Бұл да өтер түсіңдей боп түсін, еркем,
Қуаныш құйқылжытар құсын ертең.
Қысылма қысыр сөзге қыстыға айтқан:
Пасықтың іші мерез, тысы көркем.
Жасық па ең, жасыр, тамған жасың неге,
Қас надан қарай берсін қасын кере;
Кірпияз өмір ғой бұл – мұнтаздай ет,
Қоқысын таси берсін тасыр неме.
Заманды жазғырсақ та жазықты деп,
Қоғамға болсын адам қазық, тірек;
Аялай алмай әлі жүрміз бе әлде,
Наз көңіл, назым мінез, нәзік білек.
Көңілден көрік кетер, мақтан қонса,
Жақсы емес кіл шаттыққа батқан да онша.
Қам қылмай, қапа болмай хақымыз жоқ, –
Ыбырсып ұлы тірлік жатқан болса.
Жаңарып жатқан кезде дүйім елім,
Ездікті аршығанға сүйінемін.
Қырнай түс қыл-қыбырын, шөп-шаламын,
Қоқысын аршу керек дүниенің!
Сен бе тек, оңай тиіп жүр ме маған,
Айтады ақ тілегін білген адам;
Ақын да тазалықшы дүниеге, –
Міндетсіп, мұңым шағып кімге барам.
Көзімнен көрікті арман бір-бір ұшқан,
Қумадым дәулет құсын бұлбұлстан:
 Жан бақсам жатпас па едім жарда бұғып,
Жайлы орын тауып алып бір бұрыштан.
Тап болған талқы шығар таланыма,
Қараған қай ағам бар қабағыма?
Жатырқап жыр құшағы, жүрем кейде
Қалақты айырбастап қаламыма.
Жазғанда жақсы-жаман тақпақ-өлең,
Өмірдің сырбаз кейпін сақтаған ем.
Ай-күні аман болып, кір шалмаған, –
Айналсын пәк күйінде аппақ әлем!
Қапа көп, қай біреуде қанағат кем, –
Өлшеусіз мақтау-мадақ талап еткен.
Ездіктің тамырына балта шауып,
Жүремін жағаласып жаманатпен.
Өлеңнің жүрмін мен де ауласында,
Қауырт іс, қауесет пен дау басымда.
Кетемін кетпен алып, атыз қуып,
Тартамын, тақырды өңдеп, қауғасын да.
Ізгілік іздегенім жанды салып,
Ат сұрап, атақ қуып, алғыс алып
жатқаным жараспайды, өмір – өлең,
Отаймын арам шөбін шалғы салып.
Жүреміз сыпырғы мен қалам саптап,
Желекті жеткізсек деп аман сақтап;
Жасыл бақ жайнасын деп жаным құштар,
Жақсыға жақпадым тек жарамсақтап.
Жаңарып жатқан кезде дүйім елім,
Ездікті аршығанға сүйінемін.
Азбасын кіршең дүние, құнтта, жаным,
Қоқысын аршу керек дүниенің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу