Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  107


Автор: Тортай Сәдуақас

ТҮС

Жоритын не бар бал ашып, Көрдім бір қызық түсімде.
Жүр екем жалғыз адасып, Ақ түтек боран ішінде...
Кездескен жәйт пе өңімде, Ізі ме арман, елестің:
Айналар шынға өмірде, – Бәрі де мүмкін еместің.
Айнала ақ қар баққаным, Арайлап атқан ақ таңдай.
Аумаған өзің, аппағым, Жаныңдай таза, пәк қандай!
Аузымды жиып болғанша, Жел ұйтқып, боран басталды;
Басыма төніп сор қанша, Суырды жер мен аспанды.
 Адыра қалған адырлар, Сұлбасы сұсты көрінген.
Іңкәр жан қайтіп дамылдар, Алға озам құштар көңілмен.
Арқырап соққан долдана, Арқада солай ақ боран.
Сынбаған сағым онда да, Тәйірі, тимес қатты одан.
Адымды тұсап қамалар, Ақ түтек мынау не деген!
Қайда екен қайран ағалар, Сүрініп кетсем, демеген.
Тұр ма екен сонау қыраңда, Көрсін деп біраз малтығып.
Баулыған солай қыран да, – Балапандарын қантүбіт!
Мен бармын дейтін күн туса, Күпілдек әлгі дос қайда.
Қол ұшын беріп тым құрса, Жөн айтып, ақыл қоспай ма?!
Сықырлап басқан іздері, Аңдыған қалмай артымнан;
Соншама нені іздеді, – Жалғыздық атты антұрған.
Жоқ тыққан ақшам, алтыным, Не таппақ қуып дәл мені?
Болсам да тұйық, жарқыным, Сен білмес сырым бар ма еді.
Жақсыға ғұмыр тіледім, Жайым жоқ жалған бас ұрған.
Өзіңе іңкәр жүрегім, – Асылым сол-ақ жасырған!
Жерім жоқ, сірә, қас қылған, Жамандық ойлап пендеге.
Су шыққан жандай астынан, Қымсына берем мен неге?!
Үрейден қайтіп тыншыдым, Жападан жалғыз жолсызда;
Өңімде шалған қырсығың, Аз болып жүр ме онсыз да.
Көңілің неден түңілген, Насыбайдан ба бір атым;
Отыңмен кіріп, күліңмен, Шықсам ба дегем, мұратым!
Табылар тар жол ғұмырда, Табаным тайса, демеңдер.
Көтерген көпті тұғырға, – Кең едің, жұртым, кемеңгер.
Гуілдеп, тынбай ысқырып, Ышқынған боран басылар.
Не қылар дейсің үскірік, Ел барда бағым ашылар...
Тіресіп біраз байқасқан, Басылды боран азынап.
Кірпігімді ашып айқасқан, Демімді бастым азырақ...
...Шырқымды бұзған қарасам, Шырылдап сағат, қоңырау:
Шаруаңды бақ деп орасан, Оятқан құтпан өмір-ау!
 Қосақтап сын мен сауығын, Сырларын тынбай сапырып:
Бол, бол деп ол да дәуірім, Ұлы өмір жатты шақырып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу