Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  103


Автор: Тортай Сәдуақас

ӨЗЕН

Жар астында жарқырап, Пәктігіңді таныттың.
Сайдан аққан сарқырап, Қайратыңа қанықпын.
Тасты өңгеріп тасыған, Тарпаң еді мінезің.
Кең даланың басынан, Еркесіндей бір өзің.
Кейде тулап шарқ ұрып, Көсілесің көңілді;
Көкорайға толтырып, Көгертесің өңірді.
 Нәр болмаса сән қайда, Қалмасын ну қуарып.
Шабындықты шалғайда, Баптайсың сен суарып.
Айдыныңды күн шалып, Асыр салған ақ шабақ.
Алдыңда тұр мұң шағып, Аптап ұрған бақша-бақ!
Бала-шаға шомылып, Шығар болды құмардан.
Көк теңізге жолығып, Ортаймасын бұл арнаң.
Сенен алдым бір сабақ, Парызымды сезіне:
Арнам толып күн санап, Ұқсап барам өзіңе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу