Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  88


Автор: Тортай Сәдуақас

ТУҒАН ЖЕР – МӘҢГІ БЕСІГІҢ

Шалт сілтеп тағдыр шалғысын, Бөпемді баудай түсірді:
Басыма қонған бақ құсын, – Үркітіп бақтан ұшырды.
Жалғар деп жолдың үзігін, Ат қойып едік Алтайға:
Сағынтып көрген қызығым, Жетпеді, әттең, алты айға.
Көкөрім көктей қиылған, Жүректе қылық, есімің.
Ұйқтай ғой, бөпем, бұйырған, – Туған жер – мәңгі бесігің...
* * *
Тағдыр-ай, жақын тартқан досым едің,
Деп едің талабыңды өсіремін:
Көзге ілмес қызығымды тонап алып,
Ботамда нең бар еді осы менің?!
Нең бар ед құлынымда осы менің,
Қапы ұрдың, қайтып енді көсілемін?
Қулық бар, қиянат бар дегендерге, –
Құлықсыз, құлаққа ілмей өсіп едім.
Саруайым демейікші, бауыр, мұны,
Жел үзді желкенімді дауыл күні.
«Тас түскен жеріне ауыр» десек-тағы,
Кішкентай қазаның да ауыр мұңы.
Тиген жоқ мұның оңай маған аса,
Жөнелдім жаманатпен жағаласа.
Есіркеп жақсы ағалар жатты алыста,
Бір жаман жаныма кеп табаласа...
«Тағдыр бір жапан түз ғой маңайы апан,
Мертіккен ботаң түгіл талай атан», –
Сабырдан сәлем айта жіберіпті,
Алыста жатса-дағы Абай атам, –
«Шырағым, шамырқанба шараға өнбес,
«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес!»
Қара да, хан да – тұтқын, тек қана оған
«Артында сөз қалдырған» дана көнбес!»
 «Адамдар – бірін-бірі итерген күш,
Бір күйден бір күйге өтер икемделгіш», –
Ит арқасы қияннан ізгілікпен,
Хат жолдап, хабар сапты Ньютон білгіш, –
Жақсыңды жоғалттым деп жаңылыспа,
Атадан келе жатқан кәрі нұсқа:
Абайсыз аяулыңнан айырылсаң, –
Айналып жүре берер сағынышқа!..»
...Құлағымның етін жеп... жалт қаратқан,
Қала аралық телефон-автоматтан...
Айбергенов ағам да, түн ішінде
Толғап кетті: «Біреу мерт – атқан оқтан!..
«Милиционер өледі – ұры ұстаудан»,
Жанам десең жалықпа жыр ұштаудан.
Жан досын жоғалтқан бар тірі өлтіріп,
Жымысқы ойлап жүрекпен ұғыспаудан!..
Тағдыр да бір әккі сұм, епті бұзық,
Бас салар қапияда шепті бұзып.
Аман ба Алматыда...» дей бергенде
Телефоны түскір бұл... кетті үзіліп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу