Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  124


Автор: Тортай Сәдуақас

ӘН ҚҰДЫРЕТІ

Асқақтап асыл әуен тынбайды-ау бұл,
Тек қана Біржанға тән мұндай «дауыл».
Мамырлай қонып қаз – ән көңіл – көлге,
Маужырап маңайда мың тыңдайды ауыл.
Дүйім жұрт таңдай қағып, тарқамайтын,
Мына әннің асқағын-ай, тарпаңы-ай тым.
Сусылдап бара ма ұшып сансыз құстар,
Көңілден кең жазира, дарқан айдын.
Көкейдің көксегенін тауып тынар,
Дертіңді әсем әнмен сауықтырар;
Салтанат айдынында Біржан – аққу,
Қыр елі қызық халық сауық құмар.
Даусын-ай, қандай ашық, қандай мығым,
Әйтеуір сиқырлы әуен арбайды мың.
Бір ауыз әнге бола халық осы, –
Жіберер айырбастап бар байлығын.
Боздаса бозінгендей дала да иіп,
Аспанға кетеді өрлеп ән ақиық.
Мұндайда мүлдем елтіп тындаған жан,
Өнердің ләззатына қалады ұйып...
Көнсе де қарау заман қыспағына,
Айылын жимай өткен дұшпанына;
Зәрлі күн зарлы қылып тұншықтырса,
Сұңғыла ән самғайды еркін тұста мына.
Әнші мен шерін қозғап Жанботаның,
Зарланып кезді ол елдің әр қотанын...
Асыл ән мирас болып ұрпағына,
Өнерді хан көтеріп алды Отаным!
Асығын асқақ әнші алшы үйіріп,
Елтиді әуеніне жан сүйсініп.
Жүр енді ол жерден қуып жаманатты,
Жонына зұлымдықтың қамшы үйіріп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу