Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  133


Автор: Тортай Сәдуақас

ДИҚАНДЫ СҮЮ

Елін сүйген, көңілін көпке беріп,
Неткен күш, неткен мұрат, неткен ерік!
Даладай кең пейілді, кемел ойлы, –
Сергек дос, диқан осы сертке берік!
Сыр бермес сірі шығар жаны, сірә,
Жабығып, иә мастанбас табысына:
Жігері құм боп жүрген жасық болса, –
Диқанның жанып алсын намысына!
 Аялап алтын дәнін, ардақтысын,
Ғұмыры адамзаттың жалғапты ісін:
Еңсесі түскен ез де серпіледі,
Сезінсе сол диқанның қайрат-күшін!
Қотарып алтын астық, ақ тарысын,
Халқым деп қара терге батқаны шын:
Сүрінбей өтетіндей сыннан әркім,
Диқанның көрсе алапат аттанысын!
Өң кіріп ол баптаса тақырың да,
Айналған гүлстанға ақырында:
Ойласа бір өжеттік диқанға ұқсап,
Бел бусын тәуекелге батырың да!
Жаны бай жалынға да, арынға да,
Бойына құя салған барын дала:
Үңілсін ғұмырына ер диқанның,
Бір қиял жетпей тұрса ғалымға да!
Аямай асқақ жігер, жалын ісін,
Ырза еткен ырыздығы бар ұлысын:
Жанасып жан шуағын алсын оның,
Суытып алған жандар сағынышын!
Көзімен келер таңды атырғанда,
Кеудесі шабыт селін сапырғанда;
Қыр-сырын тану үшін табиғатты, –
Диқандай сүйе білсін ақындар да.
Күнде ертең нұрға бөлеп күншығысын,
Сайратқан сәрі таңнан жыршы құсын!
Талпынып тау аспақшы табанды ұлан, –
Диқанның таңдай білсін құлшынысын!
Жаны егіз ізгіліктің күй-әнімен,
Молшылыққа мол арна құя білген;
Елге деген парыз бен қарызыңды
Ұғу керек диқанның қиялымен!
Жер жайын, нан қадірін біле білген,
Дәні өсіп маңдай термен, гүлі егілген;
 Мынау бейбіт өмірдің балғын таңын, –
Сүю керек диқанның жүрегімен!
Өнеге көп үлгі алсаң өмірінен,
Тірлік қоздап, құт өрген өңірінен:
Бұл барақат ғұмырдың ертеңін де, –
Көру керек диқанның көңілімен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу