Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  89


Автор: Тортай Сәдуақас

БОЗТОРҒАЙ

Бозторғайым, өз торғайым, торғайым,
Өлеңімді өзің жайлы толғайын.
Бабалармен бірге жасап келіп ең,
Менің-дағы жан серігім бол дәйім.
Жыршы құсым, шежіресі даланың,
Адам жанын ұйытқандай бал әнің.
Жырың болды – қуанышы халқымның,
Сырың болды – елге келген нала-мұң.
Алып келіп қырға нұрлы көктемді,
Думандаттың төл өрбіген бөктерді.
 Серік болып мұңын шаққан малшыға,
Жас ұрпаққа бердің жырлап өткенді.
Мақтан етіп тауларымның асқарын,
Көпке әйгілеп елдің мөлдір аспанын,
Шырқау көкке шығып алып ертемен,
Дала таңын – еңбек таңын бастадың.
Үзілмеген сенің әнің қыратта,
Әсем сазбен сіңіп қапты құлаққа.
Сенің әнің – елдің арман-тілегі,
Бастап келген халқымды ізгі мұратқа.
Бүгін де өзің әнге бөлеп өңірді,
Қуанышпен көтересің көңілді.
Ел бақытын бар әлемге әйгілеп,
Жырла, құсым, жырла бейбіт өмірді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу