Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  121


Автор: Тортай Сәдуақас

МАХАББАТ МҰРАТЫ

Махаббат та майдан ғой бұл, ғашықтар,
Батыл болсаң кеудеңді оққа ашып бар.
Мұнда да бар айнымайтын асылдар,
Мұнда да бар опасыздар, жасықтар.
Онда, достым, сүйем деуің аз әлі,
Қинамаса ғашықтықтың азабы.
Оңайлықпен келмейді ғой ғажабы,
Махаббаттың бақыты мен базары.
Махаббатта болмақ емес мәртебе еш,
(Мәртебе мен мансабыңның арты егес.)
Сені, аяулым, сүйген едім елжіреп,
Сенің мені сүюің тек шарт емес.
Аян болсын тек өзіңе пәктігім,
Қосылмасақ қосылмаспыз, шаттығым.
Сені әйтеуір сүйіп өтем, себебі,
Ол – жеңісім, ол – ерлігім, мәрттігім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу