Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  310


Автор: Тортай Сәдуақас

КӨКТЕМ. НӨСЕР. ЖАСТЫҚ

Көктем исі тараған қыраттарға,
Көк терек жаңа-жаңа бүр атқанда.
Серуенге шықтық, жаным, ұқсап біздер
Басталған енді ғана бұлақтарға.
Бөктерде бойымызға шуақ дарып,
Бір шоқ қайың түбінде сыр ақтарып, –
 Тұрғанда, бір шөкім бұлт кеп қалғанын,
Байқамаппыз ауылдан жырақ барып.
Шудасын бұлттың түтіп, аршығалы,
Найзағай осып көкті қамшылады.
Жел – ұршық зыр жүгіріп, зу-зу етіп,
Саулады иірген жіп – тамшылары.
Тапқаны-ау, табиғаттың асыл ойлап,
Жөнелді мотор гүрлеп – жасын ойнап.
Бір тамаша басталды, жаңбыр емес,
Айналып алып цехқа жасыл аймақ...
Жаным-ау, жаудырғандай нұрды көктен,
Өзің боп құшағымда тұрды көктем.
Су көйлегің жабысқан құлын денең, –
Жаңбырдан ба, жанымда дір-дір еткен?!
Жауын да өтті, сезімдей асыл кілең, –
Алдан бір ғажап әлем ашылды кең.
Табиғат тоқып шыққан жаңа ғана, –
Жазыққа жайып кетті жасыл кілем.
Ашқандай кемпірқосақ сол сарайды,
Астасқан алуан бояу сонша арайлы.
Алаңсыз аралайық сыр ақтарып,
Бөлісейін жаныңда болса қайғы.
Жұпар аңқып даланың атырабы,
Құйқылжып құстардың да жатыр әні.
Ғажайып той басталған, жүрші, жаным,
Жаңа бір жаратылыс шақырады!
* * *
Ырғала өскен гүлдеріндей даланың,
Ұмытылмас, бала дәурен, бал әнің.
Бір ауылда бірге өткізген базарлы,
Балғын күндер бар ма есіңде, қарағым?!
Туған ауыл жастық шақтан айтады ән,
Бақша мынау жазғы самал шайқаған.
 Сол бақшада біз екеуміз сырласқан,
Көз алдыма келді сол кез қайтадан.
Есімде ғой сенің нұрлы есімің,
Гүлім десем, нәрім десем, несі мін;
Бірге отырып партаға да бір кезде,
Бірге ашыппыз бір кластың есігін.
Болсақ-тағы ол кездерде бала тым,
«Шортанкөлге» шомылғалы баратын;
Жағадағы сіздің үйден бұл жүрек,
Сені көріп, бір сүйсініп қалатын.
«Серілікпен» жүрген сол бір кезімде,
Сиқырлықпен түйін байлап сезімде,
Балғын гүлім бүрін жара бастапты,
Байқамаппын бірақ соны өзім де.
Сені ойлаудан жаным қалай жалықпақ,
Көңіл – көкте тұрып алдың қалықтап.
Саған қарап талпынатын, әйтеуір,
Көңілімнің көгершіні шарықтап.
Өзіңе арнап жыр да жаздым балдырған,
Жылдар да озды, мені мұңға қалдырған.
Өкпелетіп алып бірде, не керек,
Бақытым боп шықпадың сен алдымнан.
Болмаса да екі арамыз шалғай тым,
Болып кеттің хат-хабар да салмайтын.
Таныс сүрлеу барады екен көнеріп,
Сіздің үй мен біздің үйді жалғайтын.
...Қайдан ғана алдым бәрін есіме,
Келдім екен осы жерге несіне?
Бақ ішінде екі ғашық жүр екен, –
Сыр ақтарып туған жердің кешінде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу