Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  307


Автор: Тортай Сәдуақас

ӨМІР – ҰЛЫ СЕМЕСТР

Арман қуған алау жастар – балғын өркен, көк шыбық,
Көктемеде келесіңдер қаптай өніп, көп шығып.
Желкілдеген желегімен көркі болған өлкенің,
Қуантады елді сенің гүл жайнаған ертеңің.
Бірақ әлі кемерленіп келген жоқсың кемелге,
Талаптанып тамырыңды жая бергей тереңге.
Білім қуған жылдарың бұл құйып өткен нөсердей,
Нәрін алып сол нөсердің насаттай боп өс өрлей.
Сонда ғана өркен жайып сомдаларсың, толарсың,
Сонда ғана саясы мол нән бәйтерек боларсың.
Сол үшін де терін төгіп ұстаз – бағбан қауымы,
Сын боп саған соғып тұрар емтихандар дауылы.
Сондықтан да алдыңдағы асуы мол жайыңды ұқ,
Соның бәрі өмір деген сессияға дайындық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу