Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  164


Автор: Тортай Сәдуақас

БОРАНДЫ КҮН. БИШІ ҚАЙЫҢ

Евней Букетовтың жай-күйіне
Көктемеде көзін сүзген ағайын,
Сауық еді, сайран еді маңайың.
Көгілдір нұр төгілдіріп көгің де,
Бастайтұғын махаббаттың бал айын!
Медет күтіп Оқжетпестей асқардан,
Жылу іздеп жүрекке ұқсас тастардан;
Айнакөлге мұңмен енді қарайсың:
Жапырақтар – жанарыңнан жас тамған.
Бұрын биге тастаушы едің тәнті қып,
Жаныңа енді әрең жеттім малтығып.
Табаныңнан ызғар өтіп бара ма,
Қиын болды-ау мына күннің салқыны?!
Шалқар елге шаттық сыйлар аяулым,
Шалмасыншы көңіліңді қаяу-мұң.
Бір құшақ нұр алып күнде келер ем,
Күніне жүз барар едім, жаяумын.
Сені іздеген сері бұлттар селдетіп,
Жетуші еді желекке орап жер бетін.
Көміртегін қойдың ба әлде көп жұтып,
Көркейтем деп туған жердің келбетін?!
Жайсаң жазда жұпар ескен желегің,
Тамам жұрттың тамашасы сен едің.
Жел өтінде жаурап енді қалыпсың,
Қыстың күні жоқ па ешкімге керегің?!
Боран болса ақ балтырдан ұрып тұр,
Уа, пенделер, бұдан да бір сыр ұққын.
 Сыры кетсе, сыны кетпес асылдың,
Шарапатын неге жылдам ұмыттың.
Ең болмаса есіркеп сол еңбекті,
Бір сүйсініп қарай салсаң нең кетті;
Аттың басын бұра кетсең, жырақ па,
Мүсіркеуді ұнатпайды ол бірақ та!
Отырсаңдар, отырыңдар омалып,
Нұрлы көктем келеді әлі оралып.
Тіні берік, тамыры оның тереңде,
Киелі орман күйремейді, ол анық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу