Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  127


Автор: Тортай Сәдуақас

АУЫЛҒА ХАТ

Дем беріп шығаратын батыл шыңға,
Қарттарым, қанатым да, ақылшым да;
Аман ба, ауыл-аймақ, ағайыңдар,
Есен-сау жүріп бәрің жатырсың ба?!
Жанымның жебеушісі, қорғаны – анам,
Қашандағы мені ойлап болған алаң;
Жүрмісің ұлым, міне кеп қалар деп,
Әдетіңмен тағатсыз жол қараған.
Саулық тілеп досқа да, дұшпанға да,
«Ақ сөйле» деп кеп қонған құстарға да;
Хатымды оқытқалы көрші қызға, –
Келдің бе, шаруа күйттеп тыстан жаңа.
Жылытып пейіліңмен қараша үйді,
Қараша үй, ғұмырыңа жараса игі;
Жүрмісің оң қабағың тартып, анам,
Өзіңдей маған кімнің жаны ашиды.
 Басыңнан өтсе-дағы не түрлі сын,
Қайыспас сүйегі асыл секілді шың;
О, әке, жарығыңды кеңге жайған,
Еңкейген енді ғана екіндісің.
Есіңе алып ұлыңды жырақ кеткен,
Кезіңде бұл қарыннан қуат кеткен;
Суық жүз, сұсты ойланған, ар жағыңда
Тұр ма екен шуылдап бір шуақ көктем?!
Қара биең жусап кеп қырат-белден,
Отыр ма екен бұрқылдап бұлақ кеудең;
Отырмысың бас тартып, басу айтып,
Ағайынға төрелік сұрап келген.
Қалмаса да демейтін басқа амалың,
Қайтармадың бетімді, жасқамадың.
Медет беріп пейілің, мәрт көңілің,
Қанат қағып келеді жас талабым.
Мен сендердің ұшқан бір ұшқының ем,
Алымда тұрған қатал қысты білем;
Қайда жүрсем жылынып, өрге жүзем
Сендердің жүрегіңнің ыстығымен.
* * *
Асқақтығын асқар-асқар таулардың,
Етегінде жүргенде елемейді екенсің.
Алыстасың мұзарт шыңы мұнартып,
Тұрады екен құмартып, Кімге айтарсың кінә артып.
Кеш бағалар қадірін бар алтынның,
Бәрімізде бар сондай бір салқындық.
Мен де бүгін басымнан, Сондай бір күй кешірдім,
Кемшін айтқан кезім болса, кешіргін;
Қарағандым қалаулы,
Айдыным едің балапан топшым бекіген.
Қараша жетіп амалсыз,
Қараша қаздар көшімен, қаңқылдап ұшып кетіп ем.
Зарығып іздер заңғарым едің еңселі,
 Сағынып көрем мен сені.
Көріктім менің көксеген, Көгере берсін көсегең.
Жүздескен сайын таңырқап жарқын бейнеңе
Қалайын қарап қас қақпай,
Аналар да ұлдарын аңсаушы еді ғой ас батпай;
Құшағыңды ашып сен болсаң,
Алдымнан шықшы асқақтай;
Бағыңнан жұпар жел аңқып,
Қуаныштан дүрсілдеп қатты жүрегім,
Арқырап ауыр составтай, Оралам саған, оралам,
Досымдай көріп ең артық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу