Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  183


Автор: Тортай Сәдуақас

ТОЙДАҒЫ ТІЛЕК

Құлшынып келешекке құлаш ұрған,
Бүгінгі қуанышты сұра Сырдан:
Той бүгін, бір ұлының бақыт тауып,
Бақтардай көктемдегі гүлі ашылған.
Сұлу Сыр, кетпес, сірә, бұл есіңнен,
Арнада көңіл шіркін бір есілген;
Ақтарды ел ата-анаға ақ тілегін,
Мәпелеп қыз өсірген, ұл өсірген.
Құттықтап сүйкімді қыз, сүйікті ұлды,
Аспан да аппақ нұрын құйып тұрды.
Ағарған сүттей болып ақ пейілден, –
Кім көрген мұндай мақпал тұнық түнді.
Достардың жаны – жайлау, тай – астында,
Той қызып, қалқып жүрміз ай астында.
Ер көңіл мерейі өсіп жігіттің де,
Жайнаған жаны гүлдей аяштың да.
Би қалқып, ән шарықтап, жыр қызғанда,
Құмартып түнгі аспан да ұл-қыздарға;
Қондырып ай – қарбызын дастарқанға,
Шашылды бауырсақ боп жұлдыздар да.
 Сүйсініп ақ көңіл мен пәк санаға,
Марқайған жарқын жеңгей, жақсы аға да;
Қос Сырдың қосыла аққан арнасында,
Шарқ ұрған көңіліміз – ақ шағала.
Достықтың гүлі жайнап жүрегімде,
Ақтарылды менің ақ тілегім де.
Шығандап, шырқап көкке көңіл шіркін,
Бір қызық той боп жатты Сыр елінде...
* * *
О, өлең! Көкейімде сен менің көп түнедің,
Көңілімнен көгершін боп түледің.
Мен өзіңді самғаған ел көгінде, –
Махаббатымның кептері деп білемін.
О, өлең! Жай оғындай от едің, өткір едің,
Жарқылыңмен жайнатқан көк кілемін.
Нұр төгіліп, ақ нөсер құйған шақта,
Жанымды шарпып сенің өтті лебің.
О, өлең! Көңілімнің көк терек, көп тіні едің,
Көктемеде шуаққа өптіремін,
Жас жүрегім өзің деп соқты менің!
Көк терегім, көгеріп көк тірегін!
Көркейіп өс, баққа айнал – көп тілегім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу