Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  93


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖЫЛҚЫШЫ

Теңейтін әз кеудеңе асыл қайда-ау,
Төріңе жимасаң да жасау, мүлік.
Отауың – кең жазира, жасыл жайлау,
Ерке өстің сол далада асау мініп.
Құтайтып ел дәулетін жүрсің бүгін,
Құрық ап туған жерде құндақтаған.
Елемей қиындықтың қыл шылбырын,
Кездерде аяз сорып, күн қақтаған.
 Жеткен көп жеңісің де, жемісің де,
Байлығым артқан сенің арқаңда, аға.
Құндыз жал құлыншақтар – желісінде,
Дүбірге толды бүгін дарқан дала.
Риза боп өмірге сен шаттанасың,
Қызық тауып жусаған жылқы ішінен.
Күнде сол жалпақ жонға аттанасың,
Оянып ай арудың күлкісімен.
Тартыпты соған лайық сыйлықты өмір,
Өңірің орден толы жарқыраған.
Жігіт деп жайсаң мінез, жүйрік көңіл,
Дүйім ел құрметтеген жарқын ағам.
Кеудеңнен қайнап шыққан намыс, қайрат,
Сыр тұнған сымбатыңа көп қарадым.
Тұлпарын арманыңның алысқа айдап,
Тағдырдың талай сынын ноқталадың.
Қауым боп құрмет тұтқан арамызда,
Қайратты, қайыспас ер, қайсар жаны;
Құт орнатқан кең байтақ даламызда, –
Аман болшы, жайлаудың жайсаңдары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу