Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  119


Автор: Тортай Сәдуақас

БАЛАЛЫҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

достарым Сырайыл мен Назкенге
Алтыда ма, бестемін бе сол кезде,
Ағам – шофер, болдым мен бір жол кезбе.
Мен отырмай от алмайтын машина,
Кенжесі боп өстім үйдің бұла тым;
Көрші үйде бір мұғалім қыз тұратын,
Жиі-жиі қыдыратын бізбенен,
Көздерінен мөлдір айдын елестеп,
Көңілінен көктеменің лебі ескен,
Ағам жақсы көретін сол қызды ерен.
Талай рет орайы кеп оңаша,
Гүл теруге шығатынбыз белестен.
Екеуі онда ертектегі ғашықтай,
Абат бақты аралайтын асықпай.
Жетектеп ап тентектерін кекілді,
Айтылатын ғашық сырлар не түрлі.
Менің сәби саусақтарым сол кезде,
Қос жүректі қосып тұрған екен-ау,
Қан тамыры секілді!.. Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!
Екеуінің тасып жүрдім хаттарын,
Әлі күнге жадымда жүр жатталып;
Барған сайын алып қайтам бір дәптер,
Барған сайын қайтам үйге тәтті алып.
Барған сайын жанарынан жаз күліп,
Үйретеді ол әлденені жаздырып;
 Шимайлаудан артыққа онда жоқ шамам,
Тек суретті көп салам.
Сиқын көріп сиыр сирақ атымның:
– Мынау жүйрік тұлпары ғой батырдың,
Тағы да сал,– деп жымиып,– ақылдым,
Өскенде үлкен суретші бол деп тұрып,
Жіберетін сан қиялға шектіріп.
Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!
Әлі күнге жадымда жүр жатталып,
Сол сәтсіз күн дерт боп маған батты анық.
Бақта тағы жүргенде сыр ақтарып,
Шақта тағы жүргенде ойнап шаттанып;
Келіспей қап шатақ шықты күтпеген,
Баламын ғой, түсінбеппін түкке мен,
Өкінді ме, өкпелі боп қалды ма,
Бұрылмастан бетін басып алды да,
Ұзап кетті ол жанарынан жас парлап,
Ұшып кетті ұядан сол қасқалдақ...
Қоштастым ба базарыммен, бақпенен,
Жазылмайтын боп кетті енді хат деген.
Тап сол жерде табыстырар екеуін,
Бала болдым әттеген...
Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!
Әлі күнге жадымда жүр жатталып,
Сол сәтсіз күн дерт боп маған батты анық,
Жиналды да ішінде сол аптаның,
Алыс жаққа кетті аяулым аттанып;
Баламын ғой бар ұққаным қиналып,
Ол – қимады, мен – қимадым, қимадық:
Сурет сал деп сыйлап кетті ол көп дәптер,
Қимасыңды ал, сәби жүрек жоқтап бер.
Жоқтадым мен сол бір жанды таза шын,
Ал ағамның бердім былай жазасын:
 Бауыр басып, бала көңіл сағынған,
Барып кел де, алып кел деп сол жанды,
Алдым әбден мазасын...
Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!
Әлі күнге жадымда жүр жатталып,
Уақыт өзен баяу жылжып жатты ағып.
Сағынумен, сарылумен жыл өткен,
Мектепке де барған кезім хат танып;
Біздің үй де бастап кеткен той қамын,
Баламын ғой, мен баяғы ойдамын...
Той да болды-ау, келді олар,
Қуанышым тасып, сірә, сел болар;
Тұра ұмтылып тұрып қалдым, масқара,
Аңсағаным болмай шықты ол, басқа адам...
Алып келем сол жеңгеңді ардақты,
Деген ағам әбден мені алдапты.
Көлшік едім – көк теңіздей шайқалдым,
Бұл күйімді байқар кім.
Байқар емес ағам, келген сауыққа ел,
Бұл жеңгем де жарқын шығар, ал оны ма, сүйген ем,
Қайда сол жан, қайда сол жан, тауып бер!!!
Деп байбалам салдым-ай кеп үйге мен.
Уатты олар, уанбадым,
Уанғым да келмеді,
Сәби жүрек солай соқты мендегі.
Болса да енді елес тек,
Біз үшеуміз бір махаббат емес пе ек!!!
* * *
Бозбаламын, толғап жүрген бақта сыр,
Со жеңгемнен інім де бар хат тасыр.
Қабағыңа қарай берем, қарағым,
Жас жумасын деп махаббат жанарын;
Өкпелетіп алмайын деп өзіңді,
Маңыратып алмайын деп «Қозымды».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу