Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  238


Автор: Тортай Сәдуақас

СҰЛУЛЫҚ

Қарашы анау қайсар мінез құздарға,
Қабақ шытпас қаншама аптап, ызғарға.
Көкше деген нар жігіт қой, нар жігіт,
Нар жігітке наз артпайтын қыз бар ма?!
Белден ескен безілдек жел күйменен,
Биші қайың – бикештері билеген.
Көкше деген қас ару ғой, қас ару,
Қас аруды қай жігітің сүймеген?!
Бақтарында бұлбұл конып талдарға,
Күннің сүтін қылқ-қылқ жұтқан таңдарда;
Көкше деген бүлдіршін ғой, бүлдіршін,
Бүлдіршінді аяламас жан бар ма?!
Құрсағы – құт,
күн келбетті, ай мүсін,
Тең бөліскен елдің шаттық, қайғысын;
Көкше деген әз ана ғой, әз ана,
Ал, анасын ардақтамас қай кісің?!
Көктем келсе жер көрмесі болатын,
Қыр, белеңі қызғалдаққа толатын;
 Көкше деген сұлулық қой, сұлулық,
Сұлулыққа сүйсінбейтін жоқ ақын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу