Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  334


Автор: Тортай Сәдуақас

ӨЗІҢДЕ ӨТКЕН КӨП ДУМАН

Аймалап құшқан ұлыңды, Арайлап атқан таңдарың;
Аңқылдап балғын жырымды, Туған жер, саған арнадым.
Өзіңде өткен көп думан, Базарлы балалығым бар.
Есімде достар доп қуған, Есімде – қара бұрымдар.
Құйғытқам талай таласа, Құрықпен ұстап құр аттар.
Қалушы ед мәз боп балаша, Құрысын жазып қыраттар.
Жандарың жайсаң жүректі, Жаралған бейне құрыштан.
Түрініп палуан білекті, Тұрғызған тауды ырыстан.
 Мамыржай мырза орманың, Қойыны толы құлпынай.
Жұпарын шашқан жондарың, Бұлағың бал ма, шіркін-ай!
Жәудіреп жатқан жанарың, Мөп-мөлдір Шортан, Шабақ көл.
Иіс су – ескен самалың, Айналдым сенен абат төр.
Ырғалып жатқан белесте, Маржанды масақ, ақ сұлың.
Жаннат жер өзің емес пе, Тасқаным емес, тап шыным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу