Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  111


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖЕР ЖАННАТЫ

Уыз берген оған, саған, маған да,
Туған жердей жер жаннатын табам ба;
 Өмірді – ана, бақытты – еңбек, туған жер, –
Махаббат пен арман сыйлар адамға!
Сәулетіндей салтанатты сарайдың,
Менің де бар Көкше деген арайлым.
Сондықтан мен мынау заңғар әлемге, –
Оқжетпестің биігінен қараймын.
Жанарында жаңа арманның жалқыны,
Жайсаң тірлік жасап жатқан халқы ұлы;
Жасампаздық табиғатын білем мен,
Ер Көкшемнің еңбекші елі арқылы.
Нұр жайлаған, гүл жайнаған паң қыры,
Жасыл бақтан жұпар исі аңқыды:
Әсемдігін бағалаймын әлемнің,
Бурабайдың сұлулығы арқылы.
Төрінде – қу, көгінде – қаз қаңқылы,
Маржан шашып ерке айдыны шалқыды:
Сырын ұғам дүниедегі пәктіктің,
Айнакөлдің мөлдірлігі арқылы.
Сексен көлім ағытып сыр тиегін,
Бергеніне шүкірлік қып иенің;
Көкшемді мен жақсы көру арқылы,
Ұлан-ғайыр туған елді сүйемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу