Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  142


Автор: Тортай Сәдуақас

ШАЙТАНКӨЛ БАСЫНДА

Көрдің бе?!
Көлден де ірі, ойлан ақын,
Кім екен Шайтанкөл деп қойған атын;
Секілді ол телескоптың шарайнасы,
Қарасаң қағып-қағып ой қанатын.
Жарқыным, деме, бұл қай жаңалығың,
Бабамның білсең көне даналығын:
Жартастар ғұламадай ойға шомған,
Есептеп ай мен жердің аралығын...
Еткен сол ұлы ойларды астан-кестен,
Тарихтың сұмдығын ел тастар ма естен;
Қаңбақтай ұшқан желге қанша тағдыр,
Күніміз қандай ауыр бастан кешкен.
Көктемнің өртке оранған көктеріндей,
Келмеске кемел ойлар кеткенің бе, ей;
Бетпақ та тақыр қалып,
Сарыарқа да,
Сарғайған сол тарихтың беттеріндей.
Кесіліп тілің солай мылқау далам,
Төсіңде көш түзедік жылқы аунаған.
Тоз-тоз боп тозып қалам, тоналса да ел,
Бермеген жерін жауға, жұрты аумаған.
Сан ғасыр содан бері алмасқалы,
Тот болмай келген ар мен алдаспаны.
Ғарышқа самғап ұшса қырандары, –
Жаңа ойдың көне арманмен жалғасқаны.
Қасқиған қарағайлар тіні мықты,
Жетелер бір үмітке бір үмітті:
Олар да қазағымның өр рухындай,
Таратқан тамырымен ұлылықты!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу