Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  108


Автор: Тортай Сәдуақас

КӨКШЕДЕН ҰШҚАН КӨП ҮЙРЕК...

Жерлес қыздарға наз
Үлпілдеген үкілі қоғалары,
Үзілдіріп көк айдын, көгал әні;
Көктем сайын келетін керуенімен,
Көкшетауға көп үйрек көкалалы.
Қошеметпен Көкшенің көлі күллі,
Қарсы алатын қондырып қоңыр үнді:
Туған жерге оралған құсты көріп,
Тұратұғын жыр кернеп көңілімді.
 Көп үйрекпен көрікті болады аспан,
Тобың қонған тоғаның тола дастан.
Сыртыңнан сүйсініп мен сақтанушы ем,
Тимесін деп мергеннің оғы адасқан.
Таласуға бола ма, таласуға,
Маусым жетіп ұштыңдар сан асуға.
Қайтар кезде қатарың қалды сиреп,
Қалдыңдар ма, қонақтап «қара суға?»
Ешқайсысың мені ием демесең де,
Періштеге сендерді теңесем бе.
Қайтқан құстан, – деп сұрап жүрмісіңдер:
Көл аман ба, көрікті, ел есен бе?
Ұя салып сол жақты таңдасаң да,
(Туған жерді сағыну бар қашанда).
Көкшетаудың көліне, көп үйрегім,
Көшіңменен қонып жүр анда-санда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу